Мәзір
Бүгін, 10:05 / BuginMedia / Әлемде

Аптап ыстық Еуропада бір апта ішінде 12 мыңнан астам адамның өмірін жалмаған

Еуропадағы аптап ыстықтан 12 мыңнан астам адам көз жұмған болуы мүмкін, деп хабарлайды buginmedia.kz

Аптап ыстық Еуропада бір апта ішінде 12 мыңнан астам адамның өмірін жалмаған Аптап ыстық Еуропада бір апта ішінде 12 мыңнан астам адамның өмірін жалмаған
Жасанды интеллект жасаған фото

Маусым айының екінші жартысында Батыс Еуропадағы аномальды аптап ыстық салдарынан 12 мыңнан астам адамның мезгілсіз қайтыс болуы мүмкін. Мұндай есепті бірнеше Еуропа елінің ресми статистикасына сүйене отырып, AFP агенттігі жариялады.

Агенттіктің мәліметінше, 22–28 маусым аралығында ауа температурасы ең жоғары деңгейге жеткен кезде Бельгия, Германия, Испания, Люксембург, Нидерланд, Франция және Швейцарияда өткен жылдардың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 10 мыңға жуық артық өлім тіркелген. Ал Ұлыбританияның Метеорологиялық қызметінің дерегіне сәйкес, Англия мен Уэльсте 18–28 маусым аралығында тағы 2,2 мыңға жуық артық өлім болған.

Айта кетейік, AFP жүргізген талдауға Шығыс Еуропа елдері енгізілмеген.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге мұндай өлім-жітімнің басым бөлігінің алдын алуға болатынын айтты.

«Тым көп үкімет аптап ыстықты денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай емес, жай ғана ауа райы құбылысы ретінде қабылдайды. Алдағы әрекет – үкіметтердің таңдауы. Биылғы жаз бұл мәселенің қаншалықты маңызды екенін көрсетті», – деді Клюге.

Германияның Федералдық статистика басқармасының мәліметінше, 22–28 маусым аралығында елдің кей өңірлерінде ауа температурасы 41 градусқа дейін көтеріліп, осы кезеңде 23,9 мың адам қайтыс болған. Бұл екі апта бұрынғы көрсеткіштен 7,1 мыңға көп. Ал Роберт Кох институты маусымның ең ыстық аптасындағы артық өлім санын 4,3 мың, ал жалпы ай бойынша 5,1 мың адам деп бағалаған.

Бұған дейін ДДСҰ мен Еуропалық аурулардың алдын алу және бақылау орталығы (ECDC) қолдайтын EuroMOMO бағдарламасы да Еуропадағы аптап ыстықтан 10 мыңнан астам адамның көз жұмғанын мәлімдеген болатын. Зерттеу 27 елдің деректеріне негізделген.

Мамандардың айтуынша, қайтыс болғандардың басым бөлігі – 65 жастан асқан адамдар. Себебі экстремалды ыстық күн өту қаупін арттырып, жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жүйесі ауруларының асқынуына себеп болуы мүмкін.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2