КТК мәліметінше, Кричиневскийді «балталы маньяк» деп атаған. Ол күндізгі уақытта адам аяғы сирек басатын жерлерде әйелдерге шабуыл жасап, зорлап, өлтірген. Оның қылмыстары Солтүстік Қазақстан облысы полициясы музейіндегі ең резонансты істерге арналған экспозицияда көрсетілген.
Қылмыскер ұсталғанға дейінгі соңғы құрбаны – жеті жастағы мектеп оқушысы болған. Қыздың денесі теміржол маңынан табылған. Тергеу дерегіне сәйкес, оның денесінде металл шыбықтан салынған көптеген жарақат болған. Сондай-ақ күдіктінің өлтірілген қыздың тонынан өзіне үйге киетін аяқ киім тігіп алғаны айтылған.
Кричиневский 2024 жылы бостандыққа шығып, әлеуметтік бейімдеу орталығында тұрған және электронды бақылау білезігін таққан.
Арада екі жыл өткен соң, ол күндіз саяжайдан қайтып келе жатқан 54 жастағы әйелге елсіз жерде шабуыл жасаған. Зардап шегуші көмекке шақырып үлгерген. Сол сәтте маңайдан өтіп бара жатқан адамды көрген күдікті әйелді жіберіп, жәбірленуші қашып құтылған.
Полиция күдіктіні жедел түрде қолға түсірді.
«Жедел іздестіру шаралары барысында 62 жастағы облыс орталығының тұрғыны анықталып, ұсталды. Тергеу сотының санкциясымен оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды», – деді Солтүстік Қазақстан облысы ПД Тергеу басқармасының бастығы Азат Құсайынов.