Жетісу облысының Жаркент қаласындағы мектептердің бірінде электр тогынан көз жұмған 9 жастағы оқушының өліміне қатысты тергеу басталды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.
24KZ телеарнасының мәліметінше, қыз бала мектеп аумағында орналасқан, құлыпталмаған трансформаторлық қосалқы станцияға еш кедергісіз кіріп кеткен.
Оқиғадан кейін бүлдіршін жедел түрде жергілікті аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр.
«Қазіргі уақытта жедел-тергеу тобы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттерінің кешенін жүргізіп жатыр. Объектіні пайдалану мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты лауазымды тұлғалардың жауапкершілік дәрежесі анықталуда», – деп хабарлады Жетісу облысы ПД баспасөз қызметінен.
Сонымен қатар, уәкілетті мемлекеттік органдардың мекенжайына жазатайым оқиғаларға әкеп соғуы мүмкін анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою туралы нұсқама жіберілді.
Полиция тергеу барысы Жетісу облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында екенін мәлімдеді.