«Әділет» партиясының хабарлауынша, Құрылтай депутаттығына ұсынылған партиялық тізімге 186 кандидат енгізілген. Олардың арасында ғылым, білім, кәсіпкерлік, өндіріс, цифрландыру, мәдениет, спорт және қоғамдық сектор өкілдері бар.
Партиялық тізімде ақпарат саласының мамандары да бар. Құрылтай депутаттығына кандидат ретінде тележүргізушілер Армангүл Тоқтамұрат пен Ирина Тен, журналистер Ульяна Әшімова, Максим Рожин, Сергей Пономарев, Жанарбек Әшімжан, Әділ Балтабаев, «Әділ сөз» қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова және медиа-менеджер Раушан Қажыбаева ұсынылды.
Партия ұсынған 186 үміткердің 72-сі әйелдер. Бұл жалпы кандидаттар санының шамамен 39 пайызын құрайды.
Тізімде мемлекеттік басқару, қаржы және қоғамдық қызмет саласында еңбек еткен бірқатар танымал тұлғалар да бар. Олардың қатарында Жоғары аудиторлық палатаның бұрынғы басшысы Наталья Годунова, «Самұрық-Энерго» директорлар кеңесінің мүшесі Гүлназ Атамқұлова, бұрынғы қаржы вице-министрі Татьяна Савельева, прокурор Айжан Аймағанова, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева және бұрынғы мәжілісмендер Снежанна Имашева, Юлия Кучинская, Екатерина Смышляева, Жұлдыз Сүлейменова мен Үнзила Шапақ бар.