Белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов қызметіне байланысты қысым көріп жүргенін мәлімдеді. Оның айтуынша, оған жұмыстан өз еркімен кету немесе бірнеше бап бойынша жауапқа тартылу қаупі төнген. Бұл туралы журналист әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Қаженовтің сөзінше, Жапонияда болған жағдайдан кейін одан Геннадий Головкинге қатысты жазбасын өшіру талап етілген. Постты өшірмесе, эфирге шығармайтынын, жұмыстан шеттететінін және заң бойынша жауапқа тартылатынын айтқан хабарламалар алған.
«Екі күннен кейін “ұлтаралық алауыздықты қоздырдың” деген себеппен соттатқалы жатырмыз дегенді тағы жеткізді. Амал жоқ, постты алып тастадым. Отбасы бар, бала-шаға бар дегендей», – деп жазды журналист.
Оның айтуынша, Астанаға оралғаннан кейін де қысым тоқтамаған. Қаженов жұмысында өз еркімен кету немесе бірнеше бап бойынша сотқа тартылу ұсынылғанын айтты.
Журналист «Хабар» агенттігінің заңгері оның әлеуметтік желідегі жазбаларын зерттеп, ресми арыз-шағымдар дайындағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, кейбір жазбаларындағы сөздер ұлтаралық алауыздықты қоздыру және жеке басын қорлау ретінде бағаланған.
«Айтпақшы, бұл істер ІІМ-де жатыр. Егер өз еркіңмен кетпесең, басың бәлеге қалады дегенді қадап айтты», – деді ол.
Қаженов қысымның артында Президент Әкімшілігіндегі бір адамның тапсырмасы тұрғанын және бұл ақпаратқа жауапты министрдің тікелей тапсырмасы берілгенін естігенін айтты. Журналист мұны растайтын жазбасы бар екенін мәлімдеді.
Ол қазақ спортындағы проблемаларды ашық айту қылмыс болмауы керек екенін айтып, сөз бостандығы мен журналист құқығы мәселесін көтерді.
«Қазақ спортының проблемасын айту – қылмыс па? Қазақ спортшыларының жанайқайын жеткізуші – қылмыскер ме? Сөз бостандығы қайда? Журналистің құқығы қайда?» – деп жазды Аслан Қаженов.
Журналист жазбасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа да үндеу жасап, жағдайға назар аударуды сұрады.
«Мемлекеттік арнада 15 жыл еңбек еткен қатардағы тілшіні осынша қысымға алып жатыр. Мен қарапайым адаммын. Біреулер сияқты төбеден тапсырма беретін саяси ықпалым да жоқ, не азулы адвокаттарды жалдап қырылатын ақшам да жоқ. Бірақ объективті түрде сын айта аламын. Сол арқылы отандық спорттағы жағдайларды оң бағытта реттеуге боларына сенімдімін», – деді журналист.