Астанада:
Қарттар күніне орай астаналық зейнеткерлерге жергілікті әкімдік 2,5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 9 830 теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы беріледі. Бұл төлемді елорданың 100 мыңға жуық тұрғыны алмақ.
Алматыда:
Алматыда мұндай төлемдер қарастырылмаған. Қала билігінің мәліметінше, қарияларға қолдау көрсету жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын 13 түрлі әлеуметтік қызмет арқылы жүзеге асырылады.
Шымкентте:
Ал Шымкент қаласында қарияларға біржолғы өтемақы қарастырылған. Мәселен:
– 70 жасқа толған және одан асқан адамдарға 3 АЕК мөлшерінде (11 796 тг) бір реттік әлеуметтік көмек;
– 80 жастан асқан жалғызілікті қарттарға 2 АЕК мөлшерінде (7 864 тг) ай сайынғы ақшалай төлем түріндегі әлеуметтік көмек беріледі.
Атырау облысында:
Атырау облысы әкімдігінің мәліметінше, мүгедектігі бар зейнеткерлерге қазан айында 7,5 АЕК (29 490 теңге) біржолғы әлеуметтік көмек төленеді. Бұл өңірде зейнеткерлер саны 71 956 адам екен.
Ал 2023-2025 жылдап аралығында Теңізшевройл ЖШС-нің қолдауымен 300 жалғызілікті қарттар мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін адамдар Атырау шипажайында ем қабылдаған.
Ақтөбе облысында:
Ал Ақтөбе облысында біржолғы өтемақы қарастырылмаған екен. Мұны облыс әкімдігі мәлімдеді.
“Прокуратураның ұсынысымен біржолғы төлем Конституция күнінде берілген. Сондықтан зейнеткерлерге Қарттар күніне орай, төлем жоқ”, – делінген хабарламада.
Дегенмен облыста мерекелік шаралар өтеді екен.
Қарағанды облысында:
Қарағанды облысында да қарттарға біржолғы өтемақы беріледі. Ол үшін жергілікті бюджет есебінен 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінбек.
Жергілікті билік мәліметінше, өңір бойынша 70 жастан асқан 51 648 адам біржолғы төлем алады.
“Қарағанды, Балқаш, Приозерск, Саран, Теміртау қалаларында, Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шет аудандарында зейнеткерлерге 20 мың теңгеден беріледі. Ал Шахтинск қаласында зейнеткерлердің жеке шоттарына 10 мың теңгеден аударылады. Теміртау мен Шет ауданында Қарттар күніне орай біржолғы материалдық көмек қазан айында төлене бастайды. Айта кетейік, Балқаш, Ақтоғай, Нұра және Осакаров аудандарында бұл төлем 70 жастан асқандарға қарастырылған. Ал өзге қала-аудандарда – 75 жастан бастап төленеді”, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар Қарағанды облысының барлық өңірінде демеушілік көмек есебінен азық-түлік себеттерін тарату, тегін дастарқан ұйымдастыру, тақырыптық шаралар өткізу сияқты қайырымдылық акциялары өтеді екен. Бұл көмектер негізінен үйде әлеуметтік қызмет көрсетілетін және қарттарға арналған орталықтарға баратын адамдарға берілмек.
Маңғыстау облысында:
Ал Маңғыстау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, өңірде 70 жастан асқан зейнеткерлерге біржолғы материалдық көмек төленеді. Маңғыстау облысында мұндай санаттағы 24 307-ден астам адам бар екен.
"Қарттар күніне орай аудандық және қалалық мәслихаттардың шешіміне сәйкес біржолғы әлеуметтік көмек тағайындалды. Төлем мөлшері – 15 000 теңге", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ басқарма мереке қарсаңында облыс бойынша түрлі мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылатынын айтты.