«Ақпараттық кеңістікте мен жайлы тағы бір жалған мәлімет тарады. Бүгін ұсталған, Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының бұрынғы басшысы Арман Әбдешовке қатысты кейбір дереккөздер таратқан ақпаратты жоққа шығарамын. Оның «менің адамым» екендігі жөніндегі кез келген мәлімдемелердің ешқандай негізі жоқ. Менің оған еш қатысым жоқ. Ол бұл лауазымға мен әкімдікке келгенге дейін тағайындалған. БАҚ өкілдері мен арна авторларын жариялар алдында деректерді мұқият тексеріп, халықты адастырмауға шақырамын», – деп жазды Берденов.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкент сәулет және қала құрылыс басқармасының басшысы Арман Әбдешов ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері Әбдешовті жұмыс орнынан бірден уақытша ұстау изоляторына әкеткен.
2025 жылдың 21 сәуірі кешке Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты алдында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің бірнеше жеріне оқ тиіп, ауыр жарақат алды. Қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ның бұрынғы директоры Ернар Жиембай оған қастандық жасады деген күдікке ілінді. Ол сотта мұндай әрекетке баруына қызғаныш себеп болғанын айтты.