Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының басшысы Әнел Шенееваның айтуынша, Әлеуметтік кодекске сәйкес, 5 және одан да көп баланы сегіз жасқа дейін тәрбиелеп өсірген әйелдер 53 жаста зейнетке шыға алады.
"Сондай-ақ, Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын арттыру үшін арнайы әлеуметтік төлемдер тағайындалады. Оларды алу құқығына азаматтар 55 жасқа толған кезде және кемінде жеті жыл бойы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеген жағдайда ие болады. Осылайша, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға жұмыстан шығып, зейнет жасына жеткенге дейін арнайы әлеуметтік төлем алуға құқық беріледі", – деді Шенеева.
Сонымен қатар, еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнетке ерте шығу құқығы күштік құрылым қызметкерлеріне беріледі.
"Еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнетақыны тағайындау қызметкер жұмыс істейтін ведомствосына байланысты тиісті мемлекеттік органдар арқылы жүзеге асырылады", – дейді Еңбек министрлігінің өкілі.
Айта кетейік, Қазақстанда зейнеткерлік жас ерлер үшін 63 жас, ал әйелдер үшін 61 жас болып белгіленген.