Оқыс оқиға бүгін таңғы уақытта Байзақ ауданының орталық ауруханасында болған. Жедел жәрдем қызметіндегі Жасұлан Бостановқа танысы келіп, науқастарға арналған дефибрилляторды қолданып көруді сұраған. Алайда оны беруден бас тартқан қызметкер мен танысының арасында жанжал басталған. Сол сәтте қалтасынан травматикалық тапаншасын шығарған күдікті оны жүрек тұсынан атып жіберіпті. Дәрігерлер тез арада жансақтау бөліміне жеткізілген қызметкердің жағдайы қазір тұрақталды дейді. Ал аурухананың ішінде адамға қару кезенген- 25 жастағы күдікті қамауға алынды. Қазір сотқа дейінгі тергеу басталған.
"Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жан-жақты және объективті тергеп-тексеруді қамтуға бағытталған тергеу, жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Оның нәтижесі іс бойынша нақты процессуал шешім қабылданады", - дейді Жамбыл облысы ПД ресми өкілі Құндыз Бөгенбаева.