Мәзір
1 шілде, 2025 / BuginMedia / Жаңалықтар

Алматы облысында 10 жасар баланы ит талап тастаған

Алматы облысы Қарасай ауданы Жалпақсай ауылында 9 жастағы баланы ит талап тастаған. Екатерина баласының жағдайы ауыр екенін, Қаскелеңдегі ауруханада жатқанын айтады,  деп хабарлайды buginmedia.kz.

Алматы облысында 10 жасар баланы ит талап тастаған Алматы облысында 10 жасар баланы ит талап тастаған
Фото: shutterstock.com

Ауыл тұрғыны Жәнібек Көшкенбаевтың KursivMedia тілшісіне айтқанындай, оқиға кеше түстен кейін болған. Бірнеше бала ауылдағы стадион маңында ойнап жүргенде жақын жерде орналасқан есірткіден айықтыру орталығының ауласынан бірнеше ит жүгіріп шығып, балаларға қарай атылған. Үлгергені қашып құтылады, үлгермеген 9 жастағы Максимді анталаған иттер талап тастаған. Баланың беті мен құлағын жұлған. Кездейсоқ сол жерден табылған жергілікті тұрғын Серік дереу араша түсіп, бәкісімен екі итті жайратып салған.

Максимнің анасы Екатеринаның сөзінше, ұлына қарай үш ит жүгірген, оның екеуі овчарка, біреуі питбуль.

«Иттер арт жақтан келіп, Максим қашып үлгермеген. Балам қатты шошып қалған. Қайта-қайта айқайлап, оянып кете береді. Иттердің иесі кінәсін мойындамақ тұрмақ, итімді өлтірді деп өзімізді кінәлап жатыр. Серік аға иттерді өлтірмегенде, олар баламды өлтірер еді», – дейді ол.

Жәнібек Көшкенбаев орталық басшысы баланы арашалау кезінде иттерді өлтірген ауыл тұрғынын соттатамын деп отырғанын айтады.

Ит ұстайтын не қылған орталық

Ұмтыл ауылдық округінің әкімі Ислам Ибатжанның түсіндіруінше, ауылда есірткіге шалдыққан адамдарды оңалтатын жекеменшік орталық жұмыс істейді. Ал оның иесі ит асыраумен әуестенеді.

«Орталық қожайыны кезінде кинолог болған. Содан бері хобби ретінде оншақты түрлі пародадағы ит асырап келгені анықталды. Ауылдық елдімекен болғандықтан, адамдар мал, ит ұстайды. Оларға шектеу қоя алмайсың. Қазіргі уақытта орталық иесіне әкімшілік кодекстің 427-бабына (Есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайлардың техникалық нығайтылу талаптарын бұзу) сай айыппұл салынды. Одан бөлек оның үстінен қылмыстық кодекстің 114-бабы (Денсаулыққа абайсызда зиян келтiру) бойынша іс қозғалды. Сондай-ақ ветериналық, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметтері мен аудан әкімдігі комиссия құрып, орталық жұмысын тексеретін болады», – дейді Ислам Ибатжан.

Полиция хабарламасы

Оқиғаға байланысты Алматы облыстық Полиция департаменті мәлімдеме таратты. Орталық басшының үстінен іс қозғалғанын полиция да растады.

«Кәмелетке толмаған баланың денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс тіркеп, сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Қазіргі таңда оқиғаның куәгерлерінен жауап алынып, барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған бірқатар тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды, оның қорытындысы бойынша соңғы процессуалдық шешім қабылданады. Бұл ретте реабилитация орталығының лауазымды тұлғаларының әрекетіне құқықтық баға беріледі. Барлық кінәлі тұлғалар қолданыстағы заңнама аясында жауапкершілікке тартылады», – делінген полиция хабарламасында.

Орталық басшысы қамауға алынбаған. Екатерина онымен сот арқылы ғана сөйлесуге құлықты. 

Апта талқысында: