Мәзір
13 маусым, 2025 / BuginMedia / Әлемде

Үндістандағы ұшақ апатынан бір отбасы түгел қаза тапқан

Үндістанда болған ұшақ апатынан ерлі-зайыпты дәрігер мен олардың үш баласы қаза тапты, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Үндістандағы ұшақ апатынан бір отбасы түгел қаза тапқан Үндістандағы ұшақ апатынан бір отбасы түгел қаза тапқан
Фото: indianexpress.com

Бұл туралы “Мазмұндама” кітап дүкенінің иесі, қоғам белсендісі, экс-орынбасар Шыңғыс Мұқан әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

"ҮНДІСТАНДА ҚҰЛАҒАН ҰШАҚТА БОЛҒАН ОТБАСЫ. ОБАЛ-АЙ!

Суреттегі жігіт ағасы Пратик Жошы. Соңғы алты жылдан бері Лондонда дәрігер болып жұмыс істеп, жағдайын жасап, бала-шағасының құжаттарын реттеп, үй-жайын қамдап, Үндістанға отбасын көшіріп алып кетуге келген екен.

Әйелі Коми Вьяс те дәрігер, Үндістанда бір ауруханада жұмыс істеген, екі күн бұрын жұмысынан шығыпты. Ұжымы да тілек жаудырып шығарып салған.

Үш баласымен бірге киім-кешегін қуана сөмкелерге салып, үлкен үмітпен Air India-ның Британияға аттанар 171-рейсіне мініп, селфилете суретке түсіп, ағайын-тума чатына осы суретті салған екен.

Алайда олар діттеген жеріне жете алмады. Ұшақ апатқа ұшырады. Бір сәтте бүтін бір отбасының арманы көкке ұшты. Бұл — өмірдің қаншалықты нәзік екенін еске салатын ащы шындық. Қанша тырыссаң да, жиған дүниең, үмітің — бәрі-бәрі жіпке ілінгендей ілекер. Сондықтан, өміріңнің барында, ойна да күл. Апат айтып келмейді, бірақ бетін аулақ қылсын!",  - деп жазды ол.

Еске салсақ, 12 маусымда 242 адам отырған Air India әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырап, соңғы деректер бойынша шамамен 300-ден астам адам қаза тапқан. Ұшақ әуежайдан ұшып шыққаннан кейін бірнеше минуттан соң тұрғындар тұратын ауданға  құлаған. Бортта жалғыз жолаушы Ұлыбритания азаматы Вишваш Кумар Рамеш тірі қалған.

Апта талқысында: