Психолог Ақмарал Орынбаева әлеуметтік желідегі парақшасында оқырманынан келген хатты жариялады. Хат авторы жақын туыстарының арасындағы күмәнді қарым-қатынасқа куә болғанын айтып, не істерін білмей жүргенін жазған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Автордың айтуынша, ол нағашы ағасы мен енесінің бір-бірімен қыз бен жігіт сияқты араласқанын бірнеше рет көрген. Ал нағашы жеңгесі де бұл жағдайдан сезіктенетін көрінеді.
«Бір емес, бірнеше мәрте көрдім екеуін қыз бен жігіттей жүргендерін. Менің қорқынышым – нағашы ағам отбасынан айырылып қалса не болады», – деп жазған хат иесі.
Оның сөзінше, нағашы жеңгесі өз анасы сияқты жақын адам. Әке-шешесі қой баққандықтан, бала кезінен нағашысының қолында өсіп, білім алған.
Хат авторы бұл жағдайды көптен бері ішіне бүгіп жүргенін және жақындарының отбасына араласуға батпайтынын айтады.
«Бұл жерге ақыл сұрау үшін жазып отырмын. Мүмкін, бір оқырманыңыздың басынан өткен шығар. Енемді де, нағашымды да жек көріп кеттім», – деп жазған ол.