kursiv.media жазуынша, Ахмедабад қаласынан Лондонға ұшқан ұшақ апатынан 290-нан аса адам қаза тапқан. Бұл туралы Reuters агенттігі полиция мәліметіне сүйене отырып хабарлады. Ұшақ бортында 242 адам болғаны мәлім.
Жергілікті полиция ұшақ құлаған орыннан аман қалған бір жолаушы табылғанын да хабарлады. Ол – Ұлыбританияның 40 жастағы азаматы Рамеш Вишвакумар.
Рамеш Үндістанға бірнеше күн бұрын туған-туыстарын көруге келген. Ол бауырымен бірге осы рейспен Ұлыбританияға оралмақ болған. Оның бауырының тағдыры әзірге белгісіз.
Аман қалған жолаушы ұшақтың 11А орнында отырған. Бауыры қасындағы орынға жайғасқан. Қазір Рамеш ауруханада жатыр.
«Есімді жиған сәтте айналамдағы мәйіттерді, ұшақ сынықтарын көрдім. Шошып кеттім. Тұра сала қаштым. Мені біреу ұстап алып, жедел жәрдем көлігіне отырғызды. Ауруханаға жеткізді», – дейді аман қалған жолаушы.
Ол 20 жылдан бері Лондонда тұрады. Әйелі мен баласы да сол қалада.
Жергілікті билік мәліметінше, ұшақ апатынан қаза тапқандар саны әлі де өсуі мүмкін. Себебі жолаушы ұшағы тұрғын ауданға құлаған. Ол жергілікті медколледж жатақханасының шатырына түскен.
Air India мәліметінше, ұшақ бортында Үндістанның 169, Ұлыбританияның 53, Португалияның 7, Канаданың бір азаматы болған.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан премьер-министрі Нарендра Модиге ұшақ апатынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты.
АҚШ қор биржасындағы сауда қарсаңында Boeing ұшақ өндіруші компания акцияларының құны 8%-ға төмендеді. Boeing 787-8 Dreamliner жолаушы тасымалдау саласындағы ең озық ұшақтардың біріне жатады. Оны 2011 жылы қолдана бастаған. Қазір 1175 Dreamliner ұшағы күнде 2100 рейс орындайды.
Ұшақ Ахмедабад қаласының әуежайынан 12 маусымда жергілікті уақытпен сағат 13:39-да ұшып шыққан. Алайда артынша ұшқыш апат дабылын жолдаған. Содан кейін көп уақыт өтпей жолаушы ұшағы жерге құлағаны мәлім болды.