Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының учаскелік қызметінде жұмыс істейтін 77 мыңнан астам маманның жалақысына еңбек өтілі үшін қосымша ақы қосылады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырған болатын.
«Медициналық-санитариялық алғашқы көмек жүйесін жаңғыртуға да ерекше назар аударып отырмыз. Осыған байланысты жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттіктерін кеңейтіп, бұл жүйені қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту маңызды. Үкіметке келесі жылғы 1 қаңтардан бастап осы бағытта жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырамын. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысын көбейтуге мүмкіндік береді», – деді мемлекет басшысы.
Қосымша ақы еңбек өтіліне байланысты есептеледі
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қосымша төлем мөлшері маманның үздіксіз еңбек өтіліне қарай белгіленеді. Ұсынылған тәртіп бойынша, екі жылдан астам еңбек өтілі бар қызметкерлерге лауазымдық жалақысының 20 пайызы, үш жылдан астам еңбек өтілі барларға 30 пайызы, ал бес жылдан астам еңбек өтілі бар мамандарға 50 пайызы көлемінде қосымша ақы төлеу қарастырылған.
Бұл шара медициналық кадрларды, әсіресе ауылдық медициналық ұйымдар мен емханаларда тұрақтандыруға бағытталған.
Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, медициналық алғашқы көмек саласының кадрлық әлеуетін нығайту үшін осындай қолдау шаралары қолға алынып отыр. Негізгі мақсат – емханалар мен ауылдық дәрігерлік амбулаторияларда көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру.
Дәрігерлердің жалақысы қаншаға өседі?
Министрлік ұсынған есепке сәйкес, еңбек өтілі ең жоғары жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы қосымша ақыны ескергенде ауылдық жерлерде 534 мың теңгеден 760 мың теңгеге дейін, ал қалаларда 425 мың теңгеден 607 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін.
Орта медицина қызметкерлерінің жалақысы да артады. Ауылдық жерлерде олардың табысы 284 мың теңгеден 401 мың теңгеге дейін, қалаларда 224 мың теңгеден 318 мың теңгеге дейін көтерілуі ықтимал.
Еңбек өтілі аз мамандардың да жалақысын арттыру көзделген. Ауылдық жерлерде жалпы практика дәрігерлерінің табысы 386 мың теңгеден 450 мың теңгеге дейін, ал орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 221 мың теңгеден 256 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін.
Қалаларда еңбек өтілі аз жалпы практика дәрігерлерінің жалақысы 307 мың теңгеден 358 мың теңгеге дейін, орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 173 мың теңгеден 202 мың теңгеге дейін артуы ықтимал.
Бұдан бөлек, медициналық алғашқы көмек ұйымдарында жұмыс істейтін психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерге психоэмоциялық жүктемесі үшін қосымша ақы төлеу мәселесі де қарастырылып жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру жұмыстары 2021 жылдан бері кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді.