Мәзір
29 мамыр, 2025 / BuginMedia / Әлеумет

«Тілі көмейге түскен»: Түркістан облысында 6-сынып оқушысы жұмбақ жағдайда көз жұмды

Түркістан облысында адам шошырлық оқиға болды. Қазығұрт ауданында алтыншы сынып оқушысын сыныптасы буындырып өлтірген, деп хабарлайды buginmedia.kz Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

"Тілі көмейге түскен": Түркістан облысында 6-сынып оқушысы жұмбақ жағдайда көз жұмды "Тілі көмейге түскен": Түркістан облысында 6-сынып оқушысы жұмбақ жағдайда көз жұмды
Фото: istockphoto.com

Қайғылы жағдай биыл ақпан айында болған. Қайтыс болған Ұлағат Сейдолла алтыншы сыныпта оқыған, таңертеңгісін әдеттегідей мектебіне кеткенмен, үйіне қайта оралмаған.

«Ұлымның денсаулығы жақсы еді. Маған хабарласып, жағдайы нашарлағанын айтты. Жүгіріп барсам, партаның үстінде жатыр, аяғында аяқ киім жоқ, үсті-басы су. Мен айқайлап: Құтқарыңдар оны! – деп жаттым. Ал ауруханада маған: ол қайтыс болды, деді. Мен не болғанын түсіне алмадым, бұл қалай мүмкін?», – дейді марқұмның анасы Гүлмира Қошеева.

Гүлмира Қошеева бес баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Үлкені – Ұлағат оның тірегі еді: үздік оқушы, қамқор аға, тілалғыш ұл. Алғашқыда «есінен танып, құлап қалған» деген түсініктеме шындық ашылғанда өзгеріп шыға келді: баланы сынып ішінде буындырып өлтірген.

«Балалар мұндайға барады дегенге сенбедім. Кейін білгенімдей, сыныптасының бірі мектепке телефон алып келіпті, ұлым оны әзілдеп алып қойған, әлгі бала қуып жетіп, оны буындыра бастаған. Бірден қоя қоймаған. Бұл парта үстінде болған. Мұғалім сыныпта болмаған. Ұлағат есінен айырылған кезде, балалар үстіне су құйыпты, ал есікті жауып қойып, ешкімді кіргізбеген. Алдымен медбикені шақырған, кейін оқу ісінің меңгерушісін… Бірақ ол кезде бәрі тым кеш еді», – дейді Гүлмира Көшеева.

Оқиғаға қатысты Azattyq Rýhy тілшісі Түркістан облыстық Полиция департаментіне ресми сауал жолдап, мынандай жауап алды:

«2025 жылдың 7 ақпанында Түркістан облысының Қазығұрт ауданында кәмелетке толмаған баланың қайтыс болу фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 141-бабы 2-бөлігімен (Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау) қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу барысында оқушының қайтыс болуы денсаулық жағдайының күрт нашарлауына байланысты болғандығы анықталды. Ол медициналық мекемеге барар жолда қайтыс болды.

Тергеу аясында куәлардан, оқытушылардан жауаптар алынды. Жәбірленушілердің барлық дәлелі мен алынған бейнежазбалар зерттелді, бірқатар қажетті сараптама тағайындалды. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес жәбірленушінің өлімі тыныс алу жолдарының жабылып, тілдің көмейге түсуінен туындаған асфиксия салдарынан болған», - дейді Полиция департаменті.

Ведомство мәліметінше, мәйіттен зорлық-зомбылық, ұрып-соғу, тұншығу белгілері табылған жоқ.

«Тергеу нәтижесі бойынша өлімнің қылмыстық сипаты анықталмады және қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды. Тоқтату туралы бекітілген қаулыны прокурор тексеріп, қабылданған шешімнің заңдылығын қарап шықты.

Сонымен қатар әкімдікке оқиғалар мен құқық бұзушылықтарға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнінде ұсыныс енгізілді. Ұсынысты қарау қорытындысы бойынша мектеп директоры мен бес педагог жұмыстан шығарылды», - деді облыстық Полиция департаменті агенттік тілшісіне берген түсініктемесінде.

Апта талқысында: