Мәзір
23 мамыр, 2025 / BuginMedia / Әлеумет

«Ақнәр терезеден өзі секірді ме?»: Куәгер қыздың адвокаты мүлде басқаша мәлімдеме жасады

Алматыда 22 жасар Ақнәр Гүлістан «Amir» тұрғын үй  кешенінде жетінші қабаттан құлап қайтыс болған соң, жақындары полицияның қателігін айтып, күдікті деп танылуы тиіс екі қыздың арада 9 ай өтсе де, куәгер болып бостандықта жүргендеріне наразылықтарын білдіріп баспасөз мәслихатын өткізген еді. Бүгін сол екі қыздың бірі Дидар Мұқияттың адвокаты Жандос Палманов «іске қатысты өз айтарымыз бар» деп баспасөз мәслихатын өткізді,  деп хабарлайды buginmedia.kz orda.kz-ке сілтеме жасап.

"Ақнәр терезеден өзі секірді ме?": Куәгер қыздың адвокаты мүлде басқаша мәлімдеме жасады "Ақнәр терезеден өзі секірді ме?": Куәгер қыздың адвокаты мүлде басқаша мәлімдеме жасады
Коллаж: Orda.kz

Баспасөз мәслихатында іс бойынша қорғалуға құқығы бар деп танылған Дидар Мұқият та, не оның туыстары да болмады. Тек адвокаты ғана сұрақтарға жауап берді. Дегенмен де іске енді кіріскен соң қорғаушы да көп сұраққа толыққанды жауап бере алмады. Палмановтың айтуынша, Ақнәр Гүлістан сол түні қыздарды сыра ішіп отырайық деп өзі шақырған. Ал «оны ұрып, қинады» деп көрсетілген бейнежазба толық емес, сол түні «қос қыз керісінше оны тыныштандырып, сабырға шақырған». 

Адвокат Қытай Халық Республикасының азаматшасы КИМЭП түлегі Дидар Мұқияттың қазіргі таңда әлеуметтік желіде тарап кеткен Ақнәр Гүлістанға қатысты бейнежазбалардан соң қоғамнан қысым көргенін айтты. Сол үшін оның іске еш қатысы жоқ екенін жеткізу мақсатында бірнеше бейнежазбаны қорғаушы Палманов журналистердің назарына ұсынды. Қорғаушы ұсынған бейнежазбада қыздың бұған дейін терезеден секірмеші болып жүгірген іс-әрекеті әрі оны Дидар Мұқияттың ағасы сабырға шақырып жатқаны бейнеленген. Араларындағы диалог қытай тілінде болған.

Қорғаушының айтуынша, желіде тарап кеткен бейнежазбаның «тек жәбірленуші тарапқа керек жері қырқылып алынған және ол түнде болған оқиғаны толық сипаттай алмайды». Orda.kz тілшісі Ақнәр ол пәтерге не мақсатта келгенін әрі арасындағы дау-дамай нақты неден басталғанын сұрады.

«Үшеуі оқиғаға дейін бір отырыста болған екен, содан қалған тамақты өздерімен қосымша сыра мен сусын алып, «пәтер жалдап отырайық» деп Ақнәрдің өзі қос қызға ұсыныс тастаған. Ал арасындағы дауға келсек, Ақнәр арақ ішкен соң жігітінің басқа қызбен жүріп кеткенін айтып, түн ішінде сол қызбен барып ұрыспақшы болған екен. Қыздар түн ішінде «мұндай күйде бармайсың» деп сабасына түсірмекші болған. Оған қоса басында қарыздың бар екенін айтып, күйзеліске түсіп, қабырғаға басын ұрып, шашын жұлған. Екі қыз басында оны сабырға шақырған», – деді қорғаушы. 

Осы орайда еске сала кетейік өткен материалда бізге Ақнәр Гүлістанның анасы Гүлістан Хамитова қызының ақшадан таршылық көрмегенін ешкімге берешек емес екенін әрі оның жеке шотының бір жылдық айналымы  36 млн теңге болғанын айтқан еді. 

«Желіде тарап кеткен бейнежазба толық емес. Мен бүгін көрсеткен бейнежазбада Ақнәр ішімдік ішкен соң, өздігінен құран сүрелерін айтып, арқасы көтеріліп кеткен болу керек. Дидар мен екінші қыз Рано оны сабасына түсірмек болады. Менің қорғауымдағы қыз марқұмға оның қылығы дұрыс еместігін және түн ортасында ешқайда баруға болмайтынын айтқан. Әрі бастапқыда оны тыныштандыруға тырысқан. Артынан екеуі төбелесіп кеткенде Дидар оларды ажыратуға тырысқан. Содан ол екеуі төбелесіп жатқанда Дидар қорқып әжетханаға кіріп кеткен. Екеуі басқа бөлмеде төбелесіп жатқанда Дидар 103–ке хабарласқан. Әрі туыстарына «өлтіріп жатыр, ұрып жатыр» деген сипаттағы хабарламалар жіберген. Сондықтан ол не болғанын көрмеген», – дейді Палманов.

Сонымен қатар, өткен баспасөзде Ақнәрдің анасы қызының ағзасынан ешқандай алкогольдік ішімдік табылмағаны жайлы айтты. Бүгін жәбірленуші тараптың қорғаушысы Инга Иманбай бізге медициналық сараптаманың қорытындысын көрсетті. Онда Ақнәрдің ағзасында ешқандай алкогольдік ішімдік жоқ екені көрсетілген. Осы сұрағымызға Палманов олардың бірге сыра ішкенін дәлелдейтін бейнежазбалар бар екенін әрі сыра адам ағзасынан 4-5 сағатта тарап кететінін айтты. 

Егер Ақнәрді қыздар шынында да тыныштандырмақ болса, неге марқұмның денесінде көптеген жарақат бар, уыс-уыс болып жұлынған шаш пен жұлынған тырнақты, қолы мен мұрынының сынғанын қалай түсіндіретінін сұрағанымызда адвокат қысқа жауап берді.

«Бұл іс әлі тергеліп жатыр, ол жарақаттардың қайдан шыққанын мен нақты айта алмаймын. Бірақ алдағы уақытта дәл осы жарақаттардың қайдан шыққанын анықтаймыз», — деді қорғаушы.

Сондай-ақ, қос қыз оқиға болған түннің ертесіне таңертең банк бөлімшесінен 7-8 млн теңге шешіп алды деген ақпараттың қаншалықты рас екенін сұрадық.

Палманов бұл ақпаратты жоққа шығарды. Оған қоса, өткен баспасөз мәслихатында адвокат Инга Иманбайдың 2024 жылдың 24 қазанында шыққан екі қызды куәгер статусынан күдікті статусына ауыстыру туралы санкциясының неге орындалмағанын сұрадық. Дидар Мұқияттың қорғаушысы бұған да «мен істі толық білмеген соң, мұндай ақпарат қолымда жоқ» деп қысқа қайырады. Оған қоса бейнебақылау камерасында қыз құлаған қабаттан адамның сұлбасы көрінеді. Оған қатысты Палманов тағы да ол бейнежазбаны толығымен зерттеу керектігін айтты. 

Сонымен қатар, Orda.kz қолдағы бар ақпарат бойынша, осы оқиғаға дейін дәл осы Палмановтың қорғауындағы Дидар Мұқиятқа Ақнәр 1 млн теңгені не үшін аударғанын сұрадық, қорғаушы бұл ақша аударымы туралы ақпараттың өзіне беймәлім екенін айтты. 

Екінші қыздың есімі Рано, әрі ол КИМЭП түлегі екен жайлы ғана ақпарат бар. Көп сұраққа нақты жауапты Дидар Мұқияттан тыңдаймыз деп барған журналистер, оның неге баспасөз мәслихатына келмегенін сұрады. Адвокаттың айтуынша, ол қыз желіге шығып кеткен бейнежазбалардан соң қоғамның қысымына түсіп, баспасөз мәслихатына келгісі келмеген. 

 

Апта талқысында: