Өтебековтің айтуынша, Шерзат мерт болған оқиға орнында 15 адам болған.
“Тергеу кезінде тек 13 адамнан жауап алынған. 11-ін қамауға алған, тек 9 адамды соттап жатыр. Шерзатты өтліргені үшін тек бір адам айыпталып отыр. Тек бір! Қалған айыпталушылар “көршілердің ұйықтауына кедергі жасапты”. Оларды бұзақылық бабымен соттамақ! Сонда ол топтасып адам өлтіру болмаса, біздің видеодан көргеніміз не? Полиция мен прокурорлар “хуторлықтарды” неге кінәсіз деп санайды?”, – дейді адвокат.
Сонымен қатар, Джохар Өтебеков судьяның жұмысы туралы пікір білдірді.
“Судья процесті заң тұрғысынан жақсы атқарып отыр. Бірақ ол полиция мен прокурорлар айып тақпаған адамдарды кісі өлтіргені үшін соттай алмайды. Мұндай “бұзақылар” бір жылдан кейін-ақ шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы мүмкін. Сосын тағы адам өлтіріп, адамдардың ұйқысын бұза ма? Хуторлықтар тағы да заңды айналып өтті. Түрмеде туған күн тойлап, сот залынан күліп шыққан солар емес пе?, – дейді Өтебеков.
Сот процесі Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында өтіп жатыр. Судья Ержан Жанұзақов 9 айыпталушыға қандай баптар бойынша айып тағылғанын бұған дейін оқыған болатын. Соның негізінде кім қанша жылға сотталуы мүмкін екенін болжауға болады. Бірақ процестегі әр сотталушының кінәсі әуелі дәлелденуі керек.
Істе ең ауыр айып Абзал Шынасылға тағылған. Оған қылмыстық кодекстің 99-бабы (адам өлтіру) 2 бөлігінің бірнеше тармағы бойынша (бұзақылық ниетпен, аса қатыгездiкпен жасалған, көрінеу кәмелетке толмаған адамды өлтіру) айып тағылған. Бұл бап кінәсі дәлелденген адамды 15-тен 20 жылға дейін соттауды қарастырады. Оған қоса Шынасылға 24-баптың 3 бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 293-баптың 3-бөлігі (қару қолдану арқылы бұзақылық) бойынша тағылған тағы екі бап бар. Бұзақылық бабы 5-7 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямаған. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.