Актер әрі блогер Нұрсұлтан Жақсыген өзіне қатысты сот үкімі шыққан күні әлеуметтік желіде оқырмандарына үндеу жасады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Ол TikTok парақшасында өзін қолдап, дұға тілеген жандарға алғыс айтты. Актер бұл жағдайдың уақытша екенін айтып, қайта оралатынын жазған.
«Бәрі уақытша, балапандарым. Алла қаласа, күшті болып ораламын! Жақсы көремін сендерді. Бұл да өткінші нәрсе, дұғаларыңызға ризамын. Иншалла, бәрі жақсы болады. Алла осылай қаласа, бір қайыр бар», – деп жазды Нұрсұлтан Жақсыген.
Еске салайық, 16 қыркүйекте Алматы облысы Қарасай аудандық соты Нұрсұлтан Жақсыгенді Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп таныды. Сот оның масс-медиа, телекоммуникация желілері және онлайн-платформалар арқылы көрінеу жалған ақпарат таратқанына қатысты ісін қараған.
Сот актерді 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар оған бес жыл бойы журналистік, блогерлік және көпшілікке ақпарат таратуға байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынды. Жәбірленушіге 5 миллион теңге моральдық өтемақы төлеу туралы шешім де шығарылды.
Іс Жақсыгеннің бұрынғы азаматтық жұбайымен арасындағы жанжалдан кейін қозғалған. Сот актер әлеуметтік желіде жәбірленушінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәліметтер таратқан деген қорытындыға келген.
Алайда сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Жақсыгеннің адвокаты Тілеужан Кішкенебаев сот шешімімен келіспейтінін айтып, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.
Қорғау тарапы даулы әлеуметтік желідегі парақшалардың актерге тиесілі екенін анықтау үшін қосымша сараптама жүргізуді сұраған. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмаған.