Қазақстандық актриса Жанель Мақажан бұрынғы жұбайы, актер Абай Асылханға қатысты мәлімдеме жасап, балаларын асырауға байланысты мәселені енді заң аясында шешуге ниетті екенін айтты, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Актрисаның сөзінше, Абай Асылхан үш айдан астам уақыт бойы қыздарына қаржылай және моральдық қолдау көрсетпеген. Оның айтуынша, бұрынғы күйеуі балалардың барлық қажеттілігін қамтамасыз етуге уәде бергенімен, бұл міндеттемелер орындалмаған.
«Үш айдан асты, әкесі қыздарына моральдық, материалдық көмек көрсетіп жатқан жоқ. 2-3 ай бұрын қыздардың әкесі кеткен кезде күтушісін, тамағын, балабақшасын, киім-кешегін, барлық материалдық жағдайын өз мойныма аламын деген. Сол күйі сөз жүзінде қалды», – деді Жанель Мақажан.
Актриса балалардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету мәселесін бұрынғы жұбайына бірнеше рет түсіндіруге тырысқанын, алайда одан нәтиже болмағанын айтты.
Сонымен қатар Жанель Мақажан бұрынғы күйеуінің түрлі тойлар мен іс-шараларда жұмыс істеп жүргенін мәлімдеді. Осыған байланысты ол оқырмандарынан актердің жұмыс істеп жүргенін растайтын фото немесе видеолар болса, өзіне жіберуді сұраған.
Актриса мәселені енді ресми түрде шешуге ниетті. Ол адвокат іздеп жүргенін және бұрынғы күйеуінің нақты табысын анықтау мәселесін заң аясында көтермек екенін айтты.
«Баланы дүниеге әкеліп, оның барлық жауапкершілігінен қашқан адамды адамгершілікпен түсінбесе, онда заң қолдану керек деп ойлаймын», – деді актриса.