Махмұд Сабырхан (54 келіге дейін) Азия чемпионатында жеңімпаз атанды. Ол финалда өзбекстандық Шахзод Музафаровпен кездесті. Тартысты жекпе-жектің алғашқы кезеңін Сабырхан 4:1 есебімен өз пайдасына шешті. Екінші раундта дәл осындай есеппен аяқталды. Үшінші үш минуттықта қарсылас 3:2 есебімен басым түсті.
Сағындық Тоғамбай 92 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ешкімге дес бермеді. Финалда Тоғамбай тәжікстандық Парвиз Каримовты айқын басымдықпен жеңіп, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады. Қазақстандық спортшы қарсыласын үш рет нокдаунға жіберді.
Бокстан ұлттық құраманың мүшесі Бекзат Нұрдәулетов Азия чемпионатында 86 келіде чемпион атанды. Нұрдәулетов Таиландта өтіп жатқан құрлық біріншілігінде жарысты жартылай финалдан бастаған еді. Ал шешуші айқаста ол өзбекстандық Жасурбек Юлдошевтен басым түсті.
Айбек Оралбай 92 келіден жоғары салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды. Шешуші жекпе-жекте ол Қытай құрамасының спортшысы Ремула Абудурекситиден 5:0 есебімен басым түсті.
Санжар Тәшкенбай (48 келіге дейін), Оразбек Асылқұлов (57 келіге дейін), Дулат Бекбауов (67 келіге дейін), Абылайхан Жүсіпов (71 келіге дейін) және Диас Молжігітов (75 келіге дейін) күміс медаль иегерлері атанды.