"Бүгінде БАҚ пен әлеуметтік желілерде «AMANAT» партиясы «Biz Birgemiz» қорының жұмысына қатысы бар деген ақпарат тарауда. Осыған байланысты, «AMANAT» партиясы «Biz Birgemiz» қорының құрылтайшысы саналмайтынын (толық атауы: «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» ҚБ) және оның қызметіне ешқандай қатысы жоқ екенін түсіндіре кету қажет деп санаймыз. Айта кетейік, биыл сәуір айында «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты су тасқыны кезеңінде апаттан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетіп, ауқымды жұмыс жүргізді. Белсенділер мен волонтерлер көптеген қайырымдылық ұйымы, соның ішінде «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» ҚБ қоры жинаған гуманитарлық көмекті жеткізуге атсалысты", – деп хабарлайды «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі.
Кеше волонтер Перизат Қайрат «Көмекке жиналған 1,5 млрд теңгені жымқырған» деген күдікпен ұсталған. Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған қаражатқа қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлік, 88 млн теңгеге "Mercedes-Benz S450", 80 млн теңгеге "Lexus LX-600" және 39 млн теңгеге "Haval" автокөліктерін сатып алған деп күдікке ілініп отыр.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының пара үстел теннисі федерациясы Перизат Қайрат ұйым президенті қызметінен босатылғанын мәлім етті.