Пәкістан астанасы Исламабадта үйлену тойынан кейін болған газ баллонының жарылысы қайғылы жағдайға ұласты. Оқиға салдарынан қалыңдық пен күйеу жігітті қоса алғанда, кемінде сегіз адам қаза тапты. Тағы жеті адам жарақат алды., деп хабарлайды buginmedia.kz.
Associated Press (AP) агенттігінің хабарлауынша, қайғылы оқиға жексенбі күні таңертең болған. Үйде жас жұбайлардың үйлену тойын атап өтуге жиналған қонақтар түнеген. Олар ұйықтап жатқан кезде газ баллоны жарылып, ғимараттың бір бөлігі опырылып түскен.
Полицияның мәліметінше, жарылыс қаланың орталығындағы тұрғын үйлердің бірінде болған. Оқиға салдарынан жақын маңдағы бірнеше үй де зақымданған.
Үкімет өкілі Сахибзада Юсуфтың айтуынша, төтенше жағдай туралы хабар жексенбі күні таңертең түскен. Қазір полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шариф қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккендерге медициналық көмекті барынша сапалы көрсетуді тапсырған. Сондай-ақ ол жарылысқа қатысты жан-жақты тергеу жүргізуді бұйырған.
Айта кетейік, Пәкістанның көптеген үйінде табиғи газ қысымының төмен болуына байланысты сұйытылған газ баллондары қолданылады. Бұған дейін де газдың шығуы мен баллондардың жарылуы салдарынан адам өліміне әкелген оқиғалар тіркелген.
Қазір полиция тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.