Мәзір
8 қараша, 2024 / BuginMedia / Әлеумет

«11 қарашадан бастап аударым мен төлем жасауға болмайды»: Ұлттық банк не дейді?

Әлеуметтік желілер мен мессенжерлерде алдағы үш күнде қазақстандық банктер жұмыс істемейді, сондықтан 11 қарашадан бастап "жүйеде ақша жүрмей қалуы қаупінен" аударым жасамауға кеңес беріледі деген хабарламалар тарады,деп хабарлайды buginmedia.kz.

"11 қарашадан бастап аударым мен төлем жасауға болмайды": Ұлттық банк не дейді? "11 қарашадан бастап аударым мен төлем жасауға болмайды": Ұлттық банк не дейді?
Фото: istockphoto.com

Ұлттық банк бұған қатысты мәлімдеме жасады.

"Қазақстан Ұлттық Банкі екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, елдің төлем жүйелеріне ISO 20022 халықаралық төлем хабарламалары форматын енгізіп жатыр.

Халықаралық төлем хабарламалары стандартын қолдану банктерде клиентке қаржы қызметін көрсету тәртібін өзгертпейді.

Бұл жұмыстардың карточкалармен жасалатын төлемдерге еш қатысы жоқ. Осылайша, халықтың төлем карталары, QR-кодтар, мобильді аударымдар, банкоматтардан қолма-қол ақша алу, ұялы байланыс төлемдері және басқа да төлемдер өзгеріссіз қалады.

Сонымен қатар, ақпарат жүйелерін баптау қажет болғандықтан, банктер техникалық жұмыстар жүргізеді. Сондай кезде банкаралық қызмет көрсетуге байланысты төлемдерді қабылдау кестесінде қысқамерзімді өзгерістер болуы мүмкін (қаржы ұйымдары ISO 20022-ні енгізетін демалыс күндерінде).

Қаржы мекемелері қазір клиенттерін жаңа стандартқа көшуге байланысты техникалық жұмыстар жүргізілетін уақыт туралы алдын ала хабардар етіп жатыр. Бұл жұмыстар 2024 жылғы қарашаның аяғына дейін жүзеге асырылады.

Қосымша ақпарат: ISO 20022 – электронды хабарлама алмасатын әлемдік стандарт. Ол қаржы ұйымдары арасындағы бизнес-процестерді автоматтандыру үшін жасалған. Бұл стандартқа көшу нарық қатысушыларына ISO 20022 негізінде жүзеге асырылатын жаңа шешімдерге қол жеткізуге мүмкіндік береді, сондай-ақ банк операцияларын жүргізу кезінде төлем хабарламаларын алмасудың біріздендірілген моделін қолдану арқылы барлық тараптың шығынын азайтады", – делінген хабарламада.

Апта талқысында: