Министрліктің хабарлауынша, тексеру барысында пациенттерге заңсыз физикалық шектеу қолданылғаны, дәрі-дәрмектің қысым көрсету құралы ретінде пайдаланылғаны немесе науқастардың ар-намысына тиетін әрекеттер жасалғаны туралы мәліметтер расталмаған.
Ведомство Instagram желісінде тараған жазбаның шамамен 20 жыл бұрынғы оқиғаларға қатысты екенін атап өтті.
«Жарияланым авторы өзінің жеке естеліктеріне сілтеме жасайды және оның айтуынша, аталған оқиғалар 2008 жылы медициналық ұйымның 7, 10 және 12-бөлімшелерінде болған. Бұл ретте автордың дербес деректері көрсетілмеген, ал сипатталған оқиғалар шамамен 18 жыл бұрынғы кезеңге жатады», – деп хабарлады министрлік.
Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты расталмаған деп танып, көрінеу жалған мәлімет таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
Бұған дейін, шілде айында әлеуметтік желілерде Николай Жұмағалиевке ұқсайтын адамның видеосы тараған болатын. Видео авторы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға жүгініп, клиникадағы тәртіп пен жағдайға шағымданған. Осыдан кейін 29 шілдеде министрлік аурухананы тексеруді тапсырған.
Николай Жұмағалиев туралы
Николай Жұмағалиев, «Темір азу» деген лақап атымен белгілі, Кеңес Одағы мен Қазақстан тарихындағы аса ауыр қылмыстарымен танылған сериялық қылмыскер. Ол бірнеше әйелді өлтіргені және олардың денесін қорлағаны үшін сотталған.
1980 жылы Жұмағалиев қылмыс үстінде ұсталған. Сот-психиатриялық сараптамадан кейін оған шизофрения диагнозы қойылып, психикалық жағдайына байланысты мәжбүрлі ем тағайындалған.
1989 жылы ол арнайы медициналық мекемеден қашып кеткен. Бір жылдан кейін қайта ұсталып, кейін Алматы облысының Ақтас кентіндегі қатаң режимдегі психиатриялық ауруханаға орналастырылған.