Қазақстандық әнші Медеу Арынбаев марқұм жары Айгүл туралы естеліктерімен бөлісіп, оған деген сағынышын жеткізді. Өнер иесі бұл туралы Stan.kz YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Сұхбат барысында әнші шығармашылық жолы туралы да әңгімелеп, кәсіби әрі талантты орындаушылардың кейде көпшілік назарынан тыс қалып қоятынын айтты.
Медеу Арынбаевтың сөзінше, сахнада жүргеніне 40 жылға жуық уақыт болған. Ол еңбек жолының алғашқы кезеңінде түрлі байқауларға қатысып, кейін «Ақ бантик» әні арқылы тыңдарманның ықыласына бөленген. Артынша АБК тобы құрылып, бұл ұжым әншінің шығармашылық қалыптасуына үлкен мектеп болған.
Әңгіме барысында өнер иесі махаббат туралы түсінігімен бөлісіп, марқұм жары Айгүлмен бірге өткізген жылдарын еске алды.
«Махаббат деген — мәңгі сүю, күнәсіз адалдық деп бекер айтпайтын шығар. Тарихта мәңгі сүйгендер, адал болғандар бар. Олар аңыз, ән болып жеткен. Махаббат — болмысың, өмірге жетелеген әдемі кезең, мұрат-мақсатыңның деңгейін көтерген сезім. Бір адамды өмір бойы сүйіп өтсең, тірі кезінде бағалай білсең, махаббаттың шыңы сол», — деді әнші.
Сондай-ақ ол жары дүниеден өткеннен кейін алғашында уақыт өте келе басқа адамдармен араласып, өмірін жалғастыратын шығар деп ойлағанын жасырмады. Алайда Айгүлмен арасындағы шынайы сезім мен ыстық естеліктер оның жадынан кетпеген.
«Басында Айгүл дүниеден өткенде уақыт өткесін пендешілігіме салып, басқалармен ойнап-күліп кететін шығармын дедім. Бірақ оның ыстық махаббаты, арамыздағы шынайылық қайта-қайта есіме түсе берді. Жыл өткен сайын құндылығы өсе берді. Қиын нәрсе. Сөзбен жеткізу оңай емес», — деп ағынан жарылды Медеу Арынбаев.
Әншінің айтуынша, ол кейін кездескен адамдарды да марқұм жарымен салыстырған кездері болған. Айгүлдің өзіне балаларын аманаттап кеткенін ойлағанда әлі де көзіне жас алатынын айтты.
«Менің басымдағы қайғыны Айгүл алып кеткен сияқты болды. Бізге тек ақ жол, жарқын өмір қалдырып кеткендей болды. Балаларды маған аманаттап тастап кеткеніне де өкінемін. Жылап та аламын. Әртүрлі жағдай болады», — деді өнер иесі.