Таиландтың Пхукет аралында нөсер жаңбырдан кейін 21 елді мекенді су басып, бірнеше ауданда жол қозғалысы қиындады. Жергілікті билік қауіптің әлі сейілмегенін айтып, тұрғындар мен туристерді сақ болуға шақырды. , деп хабарлайды buginmedia.kz The Phuket News-ке сілтеме жасап.
29 қазандағы мәлімет бойынша, су тасқыны Чалонг, Раваи, Кату, Карон аудандары мен Пхукет қаласына әсер еткен. Кейбір жол учаскелері жеңіл көліктер үшін жүріп өтуге жарамсыз болып, Карон ауданындағы Кхок Танот жолы уақытша жабылған.
Патонг ауданында құтқару және коммуналдық қызметтер жолдарды лай мен үйінділерден тазарту жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қауіпті аймақтарда тұратын адамдар үшін уақытша баспана да әзірленген.
Таиландтың метеорологиялық қызметі қатты жауын-шашынның жалғасуы мүмкін екенін ескерткен. Осыған байланысты аралда су тасқыны мен көшкін қаупі сақталып отыр. Билік тұрғындар мен туристерге су басқан жолдарға шықпауға және сапарға шығар алдында жол жағдайын тексеруге кеңес берді.
Еске салайық, Таиландта қыркүйектің ортасынан бері бірнеше өңірді су басқан. Елдің Ішкі істер министрлігінің 5 қазандағы дерегіне сәйкес, сол кезеңде табиғи апаттан 31 адам қаза тауып, 3,5 миллионнан астам тұрғын зардап шеккен.