Құтқарылғандардың бірі – Непал электр энергетикасы басқармасының механик-бригадирі Санджая Шах. Құтқару жұмысына қатысқан ведомство қызметкері Суреш Рауттың айтуынша, оған оттегі берілген. Туннельден шығарылған кезде Шах сөйлей алмаған.
Екінші құтқарылған адам – Кабир Махарджан. Биліктің мәліметінше, ол құтқарылғаннан кейін күлімдеп, алғысын білдірген.
Санджая Шах тікұшақпен ел астанасы Катмандудан солтүстік-батыста орналасқан Баттарға жеткізілді. Ал Кабир Махарджанның әйелі Катмандудағы Чхауни әскери госпиталіне баруға дайындалып жатыр.
Шахтың әріптесі Суреш Чаудхари BBC-ге берген сұхбатында екі адамның тірі табылғаны өзіне үміт сыйлағанын айтты.
Қазір құтқару жұмыстары ГЭС аумағында жалғасып жатыр. Инженерлер су басқан және бөгеліп қалған туннельдерге ауа айдап, адамдарды іздеуге жағдай жасап жатыр.
Құтқарушыларды әсіресе өзен бойындағы гидроэнергетикалық нысандардың күрделі туннельдер жүйесінде жұмыс істеген қызметкерлердің тағдыры алаңдатады. Хабар-ошарсыз кеткен 5000-нан астам адамның арасында энергетикалық нысандардың жүздеген жұмысшысы болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта құтқару операциялары алты гидроэнергетикалық туннельде жүргізіліп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың ішінде 150-ден астам адам болуы ықтимал.
Екі адамның тоғыз күннен кейін тірі құтқарылуы басқа туннельдерде де аман қалғандар болуы мүмкін деген үмітті күшейтті. Іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Су тасқыны қазақстандық туристерге де әсер етті
Непалдағы жойқын су тасқыны 26 тамызда болған. Алғашқы күні Расува ауданында сегіз адамның қаза тапқаны хабарланған. Аталған өңір Тибет шекарасына жақын орналасқан.
Кейін апат аймағында қазақстандық туристермен байланыс үзілгені белгілі болды. 29 тамызда Непалдағы су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық әйелдердің саны үш адамға жеткені хабарланған.