Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Наталья Бугрова Швейцарияда Glencore корпорациясының бас кеңсесі алдында наразылық акциясын өткізіп, Өскемендегі экологиялық проблеманы көтерді. Ол қаладағы ауа сапасын тәуелсіз бақылау жүйесін құруға қаржы бөлуді талап етті, деп хабарлайды buginmedia.kz.
«Пайда акционерлерге кетеді, ал шығарындылар бізге қалады»
Glencore корпорациясына «Қазцинк» компаниясы акцияларының 70 пайызға жуығы тиесілі. Наталья Бугрова наразылықты дәл осы компанияның бас кеңсесі алдында өткізуді әдейі таңдағанын айтады. Оның пікірінше, Өскемендегі экологиялық ахуалға жауапты кәсіпорынның негізгі акционерлері де бұл мәселені назардан тыс қалдырмауы керек.
Белсендінің 2024 жылғы деректерге сүйеніп келтірген мәліметі бойынша, Өскемендегі стационарлық көздерден тараған зиянды заттардың жалпы көлемі шамамен 50 мың тонна болған. Соның 44 пайызы немесе 21,7 мың тоннасы «Қазцинкке» тиесілі.
«Кәсіпорын Қазақстанның табиғи ресурстарын пайдалану арқылы пайда табады, ал экологиялық зардабы осында, біздің қалада қалады. Ақша акционерлерге кетеді, ал бізге шығарындылар тиеді», – дейді Наталья.
Швейцариялықтар Өскемен туралы біле ме?
Белсенді шетелде жалғыз адамдық пикет өткізу оңай болмағанын мойындады. Ол туған жерінен алыста жүріп, үндеуі елеусіз қалмай ма деп те алаңдаған.
Натальяның сөзінше, Glencore кеңсесінің қызметкерлері акцияға әртүрлі реакция танытқан. Кейбірі оны телефонына түсірсе, енді бірі наразылықтың мәнін түсінбеген.
«Олар: “Oskemen? What is it?” деп сұрады. Олар үшін бұл жай ғана таныс емес сөз. Ал біз үшін бұл – туған қаламыз, зауыттардың жанында өмір сүріп, сол ауамен тыныстап жүрген жеріміз», – деп түсіндірді қазақстандық белсенді.
Корпорация өкілімен келіссөз жүргізді
Наталья Бугрова акция туралы Glencore басшылығына алдын ала ескерткен. Корпорацияның бас директоры Гари Нейгл іссапарда болғандықтан, белсендімен компанияның жоғары лауазымды өкілі Марк Дэвис кездескен.
Келіссөз пикет аяқталғаннан кейін өткен. Наталья компания өкіліне Өскеменнің тарихы мен географиялық ерекшеліктері, қалада ауаның алмасуына кедергі келтіретін жағдайлар және кәсіпорын қызметіне қатысты сенімді ақпараттың қолжетімділігі жөніндегі мәселелерді баяндаған.
Ауа сапасын тәуелсіз бақылау қажет
Белсендінің басты ұсынысы – ауа сапасын тәуелсіз тексеретін жүйені қаржыландырып, оның нәтижелерін тәулік бойы ашық жариялау. Бұл мәселенің өзектілігі Экологиялық қауіпсіздік орталығы жабылғаннан кейін арта түскенін айтады.
Натальяның пікірінше, тұрғындар ауадағы ауыр металдардың мөлшері туралы нақты уақыт режимінде ақпарат ала алуы керек. Әсіресе апаттық жағдайларда немесе зиянды заттар бір мезетте көп мөлшерде тараған кезде адамдар өздері тыныстап жатқан ауаның қаншалықты қауіпті екенін білуге тиіс.
Сонымен қатар тәуелсіз мониторинг кәсіпорында енгізілген ең озық қолжетімді технологиялардың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.
Кездесу соңында Марк Дэвис белсенді айтқан мәселелерді корпорацияның бас директорына жеткізуге және ауа сапасын бақылау жүйесін қаржыландыру мәселесін компания командасымен талқылауға уәде берген. Алайда, әзірге нақты шешім қабылданбаған. Наталья Бугрова Glencore корпорациясының ресми жауабын күтіп отыр.