Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Қазақстанның Үстел теннисі федерациясының президенті болып сайланды. Тиісті шешім федерацияның кезектен тыс конференциясында қабылданды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Федерацияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл шешім Астанада өтетін үстел теннисінен 2027 жылғы әлем чемпионатына дайындық аясында қабылданған.
«Бұл шешім Астанада өтетін ITTF World Table Tennis Championships Finals 2027 әлем чемпионатына дайындық барысында қабылданды», – делінген хабарламада.
Федерацияның жаңа басшысы Қазақстанда үстел теннисін жүйелі түрде дамытуға және спортшылардың сапалы дайындығына қажетті жағдай жасауға басымдық бермек.
Еске салайық, бұған дейін Астанада үстел теннисінен WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup халықаралық турнирі өткен болатын. Жарыс жеңімпаздарын марапаттау рәсімі туралы Kursiv.kz жазды.
Ал 2027 жылы елордада үстел теннисінен әлем чемпионаты өтеді. Ұйымдастырушылардың болжамынша, жарысқа шамамен 1 250 ресми қатысушы келеді. Бұл Орталық Азияда осы спорт түрінен өткізілетін ауқымды халықаралық додалардың бірі болмақ.