Мәзір

"42 млн теңге жымқырған": Боқаев ісі бойынша куәгер келісімшарттардың қалай рәсімделгенін айтты

"42 млн теңге жымқырған": Боқаев ісі бойынша куәгер келісімшарттардың қалай рәсімделгенін айтты "42 млн теңге жымқырған": Боқаев ісі бойынша куәгер келісімшарттардың қалай рәсімделгенін айтты
kaztag.kz

Алматыда «ҚазТрансГаз» компаниясы басшысының бұрынғы кеңесшісі Санжар Боқаевқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 27 қазанда өткен сот отырысында компания кәсіподағының бұрынғы төрайымы Зәуреш Маханова куәлік беріп, автокеруен ұйымдастыруға бөлінген қаражат пен келісімшарттарды рәсімдеу тәртібі туралы айтып берді, деп хабарлайды buginmedia.kz ult.kz-ке сілтеме жасап.

Маханованың сөзінше, кәсіподақ 2017 жылы құрылғаннан бері оның жұмысын өзі басқарған. Куәгер автокеруенді ұйымдастыру үшін «BM Trust» және «We Can» компанияларын тарту туралы ұсынысты Санжар Боқаевтың өзі жасағанын растады. Оның айтуынша, екі компанияға қатысты құжаттарды да сотталушы қол қою үшін өзі әкелген.

Сот материалдарына бір-бірінен едәуір ерекшеленетін сомалар көрсетілген екі сметасы бар қызметтік жазба тіркелген.

Келісімшарттардағы сомаларды кім белгілеген?

Мемлекеттік айыптаушы сот отырысында іс-шараның бюджеті неліктен екі келісімшартқа бөлінгенін сұрады. Маханованың айтуынша, Боқаевтың жиені Мадияр Қалменов келісімшарттарды сомалары алдын ала көрсетілген күйде әкеліп отырған.

Куәгердің сөзінше, кәсіподақ комитетінің хаттамасында автокеруенді ұйымдастыруға жауапты адам ретінде Санжар Боқаев көрсетілген. Сонымен қатар орындалған жұмыстарды растайтын актілерді Маханова оның жеке кабинетінен алып отырғанын айтты. Бұл жайтты ол Боқаевтың іс-шара барысын тікелей бақылағанының бір белгісі ретінде баяндады.

Маханованың айтуынша, кәсіподақ комитетінің отырыстарында басқа қатысушылар да мердігер ретінде өз компанияларын ұсына алатын. Алайда іс жүзінде мұндай ұсыныстар түспеген.

Бұған дейінгі куәгердің жауабы

Зәуреш Маханованың сотта айтқандары кәсіподақ комитетінің бұрынғы хатшысы Мұхтар Әмерхановтың көрсетулеріне ұқсас. Ол бұған дейінгі отырыста «BM Trust» компаниясымен жұмыс істеу туралы ұсынысты Боқаевтың өзі жасағанын және компания оның жиенінің бақылауында болғанын айтқан.

Мемлекеттік айыптаудың нұсқасы бойынша, осы схема арқылы кәсіподақтан 42 миллион теңгеден астам қаражат жымқырылған. Тергеу тарапы бұл ақшаның кейін Боқаевтың жиһаз өндірісіне қатысты бизнесі арқылы заңдастырылғанын алға тартады.

Санжар Боқаевқа қандай айыптар тағылған?

Санжар Боқаевқа Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бес бабы бойынша айып тағылған. Олардың қатарында аса ірі мөлшердегі алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру, ұрлық, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату бар.

Оның жиені Мадияр Қалменов алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру бойынша айыпталып отыр. Ал Боқаевтың мобилографы Ұлан Нүсіпқожаға ұрлық, ағаштарды заңсыз кесу және жалған ақпарат таратуға қатысты материалдар дайындау айыптары тағылған.

Айта кетейік, сотта айтылған мәліметтер мен прокурордың тұжырымдары айыптау тарапының нұсқасын білдіреді. Айыпталушылардың кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталуы тиіс.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2