Мәзір

ҚазҰУ-да шу шықты: 38 жыл еңбек еткен оқытушыны дәріс үстінде жұмыстан босатты

ҚазҰУ-да шу шықты: 38 жыл еңбек еткен оқытушыны дәріс үстінде жұмыстан босатты ҚазҰУ-да шу шықты: 38 жыл еңбек еткен оқытушыны дәріс үстінде жұмыстан босатты
ашық дереккөз

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінің оқытушысы Гаухар Дүйсембиева жұмыстан босатылуына қатысты наразылық білдірді. Оның айтуынша, жұмыстан шығару туралы бұйрық сабақ өтіп жатқан кезде, студенттердің көзінше табысталған. Университет әкімшілігі оқытушымен еңбек қатынастарының тоқтатылу себебін түсіндірді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде ҚазҰУ-да болған жағдай туралы ақпарат тараған. Гаухар Дүйсембиеваның сөзінше, университет өкілдері сабақ үстінде аудиторияға кіріп, оған жұмыстан босату туралы бұйрықты берген.

Оқытушының айтуынша, бұйрыққа 2 қазанда қол қойылғанымен, құжат өзіне тек 7 қазанда табысталған. Ол басшылықтың шешімімен келіспейтінін білдірді.

Әлеуметтік желіде тараған видеода Дүйсембиева өз атынан қойылған қолдардың қолдан жасалғанын және өзіне дене жарақаты келтірілгенін де мәлімдеген. Алайда бұл айыптаулардың расталғаны туралы әзірге ақпарат жоқ.

Университет не дейді?

ҚазҰУ әкімшілігінің мәліметінше, Гаухар Дүйсембиевамен еңбек қатынастары еңбек тәртібі мен кәсіби педагогикалық этиканы бұзуға қатысты материалдар қаралғаннан кейін тоқтатылған.

Университет оқытушыны қызметтік жағдайын пайдаланып, студенттерді, соның ішінде кәмелетке толмаған білім алушыларды оқу процесіне қатысы жоқ мәселелерге тартты деп айыптады.

Оқу орнының түсіндіруінше, Дүйсембиева студенттерден әлеуметтік желідегі жазбаларына пікір қалдыруды сұрап, осылайша қоғамдық пікірге ықпал етуге тырысқан.

Сонымен қатар университет оқытушы студенттер қол қойған құжатты өзінің еңбек дауына дәлел ретінде пайдаланғанын хабарлады. Әкімшілік бұл құжаттың мазмұнына күмән келтірген.

«Студенттердің оқу нәтижелерін бағалауға тікелей ықпал ететін оқытушыға академиялық тұрғыдан тәуелді болуы ерекше алаңдаушылық туғызады. Мұндай жағдайда білім алушыларды оқытушының жеке жанжалдарына тарту кәсіби педагогикалық этика қағидаттарына қайшы келеді», – делінген университет мәлімдемесінде.

Осылайша, оқытушы жұмыстан босатылу тәртібіне наразылық білдірсе, университет шешімін еңбек тәртібі мен педагогикалық этикаға қатысты себептермен түсіндірді.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2