Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тиесілі Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының шатырының бір бөлігі опырылып түсті. Бұл туралы әлеуметтік желіде тараған кадрлардан белгілі болды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Жарияланған суреттерде ғимараттың шатырындағы құрылымдардың бір бөлігі қирап, құрылыс элементтерінің құлағаны көрінеді.
Осыған байланысты ҚазҰУ баспасөз қызметі ғимараттың жағдайына қатысты түсініктеме берді.
Университет мәліметінше, Студенттер сарайының құрылысы 1985 жылы басталып, 1998 жылы аяқталған. Нысан пайдалануға берілгеннен бері шамамен 30 жыл ішінде күрделі жөндеуден немесе реконструкциядан өтпеген.
Ғимараттың техникалық жағдайы 2023 жылы аккредиттелген ұйымның сараптамасынан өткен. Тексеру барысында нысанның бірқатар құрылымдық элементтерінен ақаулар анықталған.
Мәселен, кейбір темірбетон ригельдері мен жертөле қабырғаларының жоқтығы, бағандардың коррозияға ұшырап, жекелеген бөліктерінің бұзылғаны тіркелген.
Сондай-ақ темірбетон бағандардың түйіскен жерлерінен қисаю, ригельдер мен бағандар түйіндерінің бұзылуы және кейбір учаскелерде тірек элементтерінің болмауы анықталған.
Бұдан бөлек, қасбеттің жылу оқшаулағыш қабаты толық бұзылған. Шатырдың металл конструкцияларынан коррозия мен жергілікті деформациялар да байқалған.
ҚазҰУ өкілдері кейбір ақауларды ғимараттың ішкі әрлеуін бөлшектемей тұрып анықтау мүмкін болмағанын атап өтті.
Университет Студенттер сарайын реконструкциялау мәселесіне қатысты жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады.
ҚазҰУ Студенттер сарайындағы жөндеу жұмыстарына қатысты түсініктеме берді
ҚазҰУ ғимараттарды пайдалану кезінде қолданыстағы құрылыс талаптарын сақтау қажет екенін атап өтті. Университеттің мәліметінше, нысандарға ағымдағы жөндеу жұмыстары 3–5 жыл сайын, ал күрделі жөндеу кемінде 20–25 жылда бір рет жүргізілуі тиіс.
Оқу орнының мәлімдеуінше, 2024 жылғы қаңтарда Алматы мен оған жақын аумақтарда болған жер сілкіністері бұрыннан пайдаланылып келе жатқан және конструкцияларында ақауы бар ғимараттарға қосымша әсер етуі ықтимал.
Университет Студенттер сарайының тарихи-мәдени және қоғамдық маңызын ескеріп, нысанды бұзбай, қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдаған. Реконструкцияның негізгі мақсаты – ғимараттың құрылымдық элементтерін күшейтіп, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Жұмыстар аяқталғаннан кейін нысанды студенттер, университет қызметкерлері және келушілер үшін қауіпсіз пайдалануға жағдай жасау көзделген.
Алайда ҚазҰУ мәлімдемесінде шатырдың опырылуына қатысты нақты мән-жайлар көрсетілмеген. Оның қашан болғаны, конструкцияның қандай себеппен құлағаны және оқиға кезінде зардап шеккендер бар-жоғы туралы ақпарат та айтылмаған.