Қазақстандық блогер Эльмира Төлегенова әлеуметтік желідегі сторисінде гардероб бөлмесіне жасырынуға мәжбүр болғанын айтып, оқырмандарын алаңдатты, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Блогердің сөзінше, күйеуі мен оның туған ағалары есікті ашуға тырысқан. Эльмира олардың отбасына қатысты кейбір құпиялардың жария болып кетуінен қорқуы мүмкін екенін меңзеп, өзіне қысым жасалып жатқанын айтқан.
Ол Instagram желісіне екінші телефоны арқылы кіргенін, алайда құрылғының қуаты небәрі 5 пайыз қалғанын жеткізген.
Блогердің гардеробта жасырынғаны туралы сторисі жарияланғаннан кейін шамамен алты минуттан соң өшірілген.
Қазіргі таңда Эльмира Тулегенова немесе оның жақындары жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Әлеуметтік желі қолданушылары блогердің жағдайына алаңдап, оқиғаның мән-жайын талқылап жатыр.
Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы әзірге белгісіз.
Блогерлер Ерболат Жанәбілов пен әйелі Эльмира Төлегенованың ісі
2026 жылғы 27 сәуірде Астана қылмыстық соты блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға үкім шығарды. Олар Қылмыстық кодекстің 214-бабы («Заңсыз кәсіпкерлік») және 218-бабы («Қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру») бойынша кінәлі деп танылды.
Тергеу нұсқасы бойынша, ерлі-зайыптылар онлайн-курстар сатып, оның аясында автокөлік пен басқа да бағалы сыйлықтардың ұтыс ойындарын ұйымдастырған. Жүлде қоры қатысушылардан түскен қаражат есебінен қалыптастырылған деп көрсетілген. Іс бойынша келтірілген залал 247,6 млн теңге деп бағаланып, бұл сома толық өтелген.
Сот Ерболат Жанабыловқа 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын шартты түрде тағайындап, пробациялық бақылау белгіледі. Ал Эльмира Төлегеноваға 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, оны ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеу белгіленді. Алайда оның кәмелетке толмаған үш баласы болғандықтан, жазаны өтеу 2 жылға кейінге қалдырылды. Екі блогердің де мүлкі тәркіленді.