Шымкентте қылмыстық ортада «Дядя Ваня» лақап атымен танымал Иван Герр ұсталды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Қалалық прокуратура Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен полиция қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген арнайы операция барысында күдіктіні ұстаған.
Kozachkov offside Telegram арнасының мәліметінше, жасы 70-ке жуықтаған Иван Герр алғаш рет 1981 жылы сотталған. Кейін тағы бірнеше рет қылмыстық жауапқа тартылған.
Бұл жолғы қылмыстық іс жергілікті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына түскен ақпараттан кейін қозғалған. Тергеу нұсқасы бойынша, Герр өзінен жасы кіші бірнеше адаммен бірге Шымкент тұрғынынан қарыз өндіруге әрекет жасаған.
Күдіктілер ер адамды кездесуге шақырып, оған қысым көрсеткен. Нәтижесінде жәбірленушіге 5 миллион теңге қарызы бар екені туралы қолхат жаздыртып, өзінде болған ақшасын алып қойған.
Оқиғадан кейін ер адам құқық қорғау органдарына шағымданған. Осы факті бойынша «Өзінше билік ету» бабы бойынша қылмыстық іс тіркелген.
Жедел қызметкерлер ҰҚК департаментінің мамандарымен бірлесіп Иван Геррді және басқа да күдіктілерді ұстаған.
Қазір күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қаралып жатыр.