«Ақ жол» фракциясы «СҚ-Фармацияның» мемлекеттік сатып алуларына қатысты бірқатар мәселе көтерді. Депутаттар Денсаулық сақтау министрлігіне, Бас прокуратураға және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Фракция бұған дейін де «СҚ-Фармацияға» қатысты дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы, дәрі жеткізудегі кешігулер, отандық өндірушілердің сатып алуға қатысуы және мемлекеттік аудит кезінде анықталған бұзушылықтар туралы бірнеше рет мәселе көтерген.
Депутаттардың айтуынша, фармацевтика саласындағы кәсіпкерлерден шағымдардың әлі де түсуі бұл мәселелердің толық шешілмегенін көрсетеді.
Отандық өндірушілерге талап бірдей қойыла ма?
Фракцияға «DOLCE» ЖШС жүгініп, «СҚ-Фармация» өткізетін сатып алуларда отандық тауар өндіруші мәртебесін растайтын талаптар барлық компанияға бірдей қойылмайтынын айтқан.
Депутаттар сатып алуға қатысушыларға қойылатын талаптар алдын ала белгіленіп, барлығына бірдей қолданылуы керек деп санайды.
«Сатып алу қағидалары барлығына бірдей болуы тиіс. Қатысушыларды алдымен сатып алу рәсіміне қатысуға жіберіп, кейін нақты жеткізушіге немесе тауарға қарай қойылатын талаптарды іс жүзінде өзгертуге болмайды», – делінген депутаттық сауалда.
Жосықсыз компаниялар «СҚ-Фармация» тендерлеріне қатыса ала ма?
Депутаттар мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген компаниялардың «СҚ-Фармация» сатып алуларына қатысу мүмкіндігіне де назар аударды.
Олардың айтуынша, №110 қағидада мұндай компаниялардың сатып алуға қатысуына тікелей тыйым салынбаған.
Депутаттар бюджет пен МӘМС қаражаты жұмсалатындықтан, мұндай компаниялардың сатып алуға қатысуына қатысты нақты құқықтық түсініктеме қажет деп санайды.
2027 жылы медициналық бұйымдарды сатып алу тексеріле ме?
«Ақ жол» фракциясы 2027 жылы медициналық бұйымдарды сатып алуға қатысты да сұрақ көтерді.
Бұл сатып алу 2026 жылғы 26 маусымда жарияланып, 223 лоттан тұрған. Депутаттардың мәліметінше, отандық өндірушілер кейбір тауарларға қатысты қазақстандық өндіруші мәртебесін растау талаптары бірдей қолданылмайтынын айтып шағымданған.
Фракцияның пікірінше, мұндай жағдай өндірісіне, жұмыс орындарына және кәсіпорнын дамытуға инвестиция салған отандық өндірушілерді қолайсыз жағдайға қалдыруы мүмкін.
Шағымды «СҚ-Фармацияның» өзіне жіберу мәселесі
Депутаттар кәсіпкерлердің «СҚ-Фармацияға» қатысты шағымдарының кей жағдайда сол ұйымның өзіне қайта жіберілетініне де назар аударды.
«Мұнда ведомстволар арасындағы хат алмасу емес, объективті тексеру жүргізу, нақты мән-жайларды анықтау және заң бұзушылықтар анықталған жағдайда кінәлі тұлғаларды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту қажет», – делінген сауалда.
Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы «СҚ-Фармация» сатып алуларында талаптардың барлық қатысушыға бірдей қолданылуын қамтамасыз етуді, жосықсыз компаниялардың тендерлерге қатысуына құқықтық баға беруді және 2027 жылға медициналық бұйымдарды сатып алудың заңдылығын тексеруді сұрады.
Сондай-ақ депутаттар заң бұзушылық анықталған жағдайда сатып алу нәтижелерін жоюға дейін шара қолдануды және шағым түскен ұйымның өзіне сол шағымды қайта жіберу тәжірибесіне жол бермеуді ұсынды.