ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің Павлодар облысы бойынша аумақтық департаменті Павлодар мұнай-химия зауытынан тікелей алынған бензиннің арбитраждық сынамаларын тәуелсіз зертханаға тапсырған. Сонымен қатар Sinoil, QazaqOil және Helios жанармай құю станцияларынан алынған отын үлгілері де жеке зерттеліп жатыр.
«Зерттеу нәтижелері бір апта ішінде белгілі болады», – деп хабарлады министрлік.
Қазіргі уақытта азаматтардан түскен 12 өтініш қаралуда. Оның 9-ы Астана қаласынан, 1-еуі Павлодардан және 2-еуі Солтүстік Қазақстан облысынан түскен.
Бұдан бөлек, 17 жанармай құю станциясында бақылау сатып алуы жүргізілді. Оның ішінде 5 станция Алматыда, 5-еуі Алматы облысында, 6-ауы Абай облысында және 1-еуі Жамбыл облысында орналасқан. Қазір алынған отын үлгілеріне зертханалық сынақ жүргізіліп жатыр.
Министрліктің мәліметінше, тексеру отын сапасын өндіріс кезеңінде ғана емес, оны тұтынушыға дейін жеткізу және сату барысында да бағалауға мүмкіндік береді.
«Осылайша, жүргізіліп жатқан тексеру отын сапасын өндіріс кезеңінде ғана емес, оны тұтынушыға сатуға дейінгі кейінгі айналым кезеңдерінде де бағалауға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
Тексеру аясында сынамалар бүкіл жеткізу тізбегі бойынша, соның ішінде мұнай базаларынан да алынады. Бұл жұмыстарды жүргізуге қажетті нормативтік-техникалық құжаттар, мемлекеттік стандарттар мен сынақ зертханалары бар.
Егер автомобиль бензинінің техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтіні анықталса, заңнамада көзделген шаралар қабылданады. Атап айтқанда, талапқа сай емес жанар-жағармай материалдарын сатуға тыйым салынып, оларды айналымнан алып қою қарастырылған.
Сауда және интеграция министрлігі зерттеу нәтижелері туралы қосымша хабарлайтынын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Астана, Алматы және Петропавлда АИ-95 бензинін құйған көліктер бұзылып жатқаны хабарланған еді.