Семей маңындағы Водный кентінде 24 жастағы ер адам 19 жастағы қызға пышақпен шабуыл жасады деген күдікке ілінді. Қыз алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды buginmedia.kz КТК-ға сілтеме жасап.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға алдында аулада ер адам мен қыздың арасында жанжал болған. Көршілер айғайлаған дауыстарды естіген.
«Аулада жүрген едім. Айғай-шу, төбелес болғанын естідім. Қыз айғайлап жатты. Кейін сыртқа шықсам, қыз жерде жатыр, қанға боялған, өңі бозарып кеткен. Оған жүрекке массаж жасап жатты. Жігіттер қасында тұрды. Жылап жатты», – деді тұрғын Ирина Лысак.
Тұрғындардың сөзінше, жанжал кезінде ер адам пышақ алып, қызға шабуыл жасаған. Куәгерлер күдіктінің кейін қоршаудан асып, қашып кетуге әрекет жасағанын айтқан.
«Кейін бір жігіт жүгіріп келіп, менен көмек сұрады. Сыртқа шықсам, қыз жатыр, пышақ жарақатынан қан-жоса болған. Артынша жедел жәрдем мен полиция келді. Бізді үйімізге қайтарды», – деді тұрғын Азамат Құжыкенов.
Оқиға орнында және оның маңында қан іздері болған. Жақын маңдағы қоқыс жәшігінен медициналық қолғаптар мен мата табылған. Алдын ала мәлімет бойынша, олар қызға алғашқы көмек көрсету кезінде қолданылған.
Қаза тапқан қыз Семейдегі «Қайнар» колледжінің үшінші курсында оқыған. Оқытушылары оны жақсы оқитын, тәрбиелі студент ретінде сипаттайды. Қыздың суреті колледждің Құрмет тақтасына да ілінген.
Оқиға болған күні таңертең ол сабаққа келген.
«Бүгін әкімшілікпен бірге оның үйіне бардық. Ата-анасы Көкпекті ауылынан келген. Қыз туысының үйінде тұрған. Таңертең бәріміз бірге барып, ата-анасына көңіл айттық», – деді колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айман Смайлова.
Полиция бұл факт бойынша 21 қыркүйекте қылмыстық іс қозғаған. Күдікті қылмыс ізін суытпай ұсталған.
«Күдікті анықталып, қылмыс ізін суытпай ұсталды. Ол ауданның 24 жастағы тұрғыны болып шықты. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторында отыр», – деді Семей қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Ержан Аққалиев.
Полицияның мәліметінше, марқұм мен күдікті бір-бірін бұрыннан таныған. Тергеу жалғасып жатыр.