Әнші Гүлнұр Оразымбетова әлеуметтік желідегі жазбасында өнер жолына қалай келгенін еске алып, Астанада өнер көрсетіп жүрген жас музыканттарға қолдау білдірді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Әншінің айтуынша, ол 9-сыныптан кейін оқуға түсу үшін ауылдан жалғыз өзі кеткен. Қолында білімі мен өнеріне деген сенімі болған.
«Кереуеттің астындағы дәу қара чемоданға екі-үш киімімді салып, кеттім де қалдым. Әкемнің қарындасы Шамшырақ апам күтіп алып, оқуға құжат тапсырдым. Бір балл жетпеді. Ауылға қайтқым жоқ», – деп жазды Оразымбетова.
Ол кейін колледж директоры Әлима апайды дәлізде күтіп, домбырамен ән айтқанын еске алды. Осыдан кейін директор оны кабинетіне шақырып, оқуға қабылдаған.
«Колледждің үздік те, өнерлі студенті болдым. Ән айтатын барлық есіктер ашылды. Ән айтатын өнерімнің арқасында елге танылдым. Сондағы бір ғана адамның себепкер болғанының арқасында», – деді әнші.
Оразымбетова бұдан кейін Астананың Ботаникалық бағында ән айтып жүрген жастардың өнеріне назар аударғанын жазды. Оның айтуынша, жастарды @ilxamibragim әлеуметтік желідегі сторисіне жариялаған. Жас музыканттардың дауыс тембрі мен орындау мәнері әншіге ұнаған.
Ол жастарды @tansholpan_tv бағдарламасына шақырып, @orta_triumph тобының алғашқы акустикалық кешін өткізуіне мүмкіндік жасалғанын айтты.
Әнші жас өнерпаздарға сәттілік тілеп, олардың үлкен сахнаға шығу арманы орындалуына тілектестік білдірді.
«Өнерді шын сүйген, махаббатын берген жандар бәрібір өзін үлкен сахнадан көргісі келеді. Армандарың орындалсын! Қазағымның өнерлі, талантты жастарының жолы әрқашанда ашық болғай», – деп жазды Гүлнұр Оразымбетова.