Мәзір

Қазақстандықтар қай елдерге визасыз бара алады?

Қазақстандықтар қай елдерге визасыз бара алады? Қазақстандықтар қай елдерге визасыз бара алады?
Фото: biletik.aero

Қазақстан азаматтары үшін шетелге шығу кезінде «визасыз режим» мен «жеке куәлікпен кіру» ұғымдарын ажырату маңызды. Бір елге визасыз баруға мүмкіндік берілгенімен, бұл оның шекарасынан Қазақстанның жеке куәлігімен өтуге болады дегенді білдірмейді. Қазіргі таңда Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі азаматтарға арналған ресми визалық режим кестесін жүргізеді. Онда әр мемлекет бойынша Қазақстан азаматтарының ұлттық төлқұжатына қатысты талаптар көрсетілген. Мысалы, Сыртқы істер министрлігінің визалық кестесінде Түркия, Грузия, Армения, Әзербайжан, Өзбекстан, Қытай, Израиль және басқа да көптеген елдерге визалық талаптар көрсетілген, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Қазірдің өзінде визасыз баратын елдер көп

Ведомствоның ресми кестесіне сәйкес, Қазақстан азаматтары Түркияға 180 күн ішінде 90 күнге дейін, Өзбекстанға 90 күнге дейін, ал Таиландқа 30 күнге дейін визасыз бара алады.

Қытаймен де визасыз режим қазірдің өзінде қолданыста. Бұдан бөлек, Мароккомен ұлттық төлқұжат иелерін визалық талаптардан өзара босату туралы келісім 2025 жылғы 19 наурызда күшіне енді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

2026 жылы бұл бағыттағы тізімге жаңа өзгерістер де қосылды. Мәселен, Қазақстан азаматтары Индонезияға 2026 жылғы шілдеден бастап 30 күнге дейін визасыз кіре алады. Бұл туралы ҚР СІМ 2026 жылғы қыркүйектегі брифингте мәлімдеді.

Сондай-ақ, Таиландта да визасыз режим қолданылады. Алайда 2026 жылғы 15 қыркүйектен бастап қазақстандықтардың бұл елде визасыз болу мерзімі 60 күннен 30 күнге қысқарды. Сонымен бірге, 180 күн ішінде визасыз болудың жиынтық мерзімі 90 күннен аспауы тиіс. 

Сондықтан, «визасыз режим енгізілді» деген ақпараттың өзімен шектелмей, қанша күнге және қандай құжатпен кіруге болатынын анықтап алу қажет.

Еуропаға визасыз бару мәселесі қай деңгейде?

Қазақстан азаматтары үшін Еуропалық одақ елдеріне толық визасыз режим әзірге енгізілген жоқ.

Бірақ бұл бағытта келіссөздер жүріп жатыр. Қазақстан СІМ-нің 2026 жылғы 25 маусымдағы мәліметінше, Қазақстан мен ЕО арасында визалық режимді жеңілдету және реадмиссия туралы келісімдердің жобалары бойынша сарапшылар деңгейіндегі келіссөздер аяқталған. Қазіргі уақытта тараптар келісімдерге қол қою алдындағы қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдерді жүргізіп жатыр. 

Ұсынылып отырған өзгерістер визаны толық алып тастауға емес, оны алу рәсімін жеңілдетуге бағытталған. Атап айтқанда, визалық өтініштерді қарау мерзімдерін қысқарту, көп мәртелік визаларды алу мүмкіндігін кеңейту және растайтын құжаттарға қойылатын талаптарды жеңілдету қарастырылған.

Жеке куәлікпен қай елдерге баруға болады?

Қазақстанның мемлекеттік порталындағы «Шетелге демалысқа шығу» бөліміндегі халықаралық келісімдерге сәйкес, Қазақстан азаматтары Ресей мен Қырғызстанның мемлекеттік шекарасынан жеке куәлікпен өте алатыны көрсетілген.

Алайда, бұл екі елді басқа визасыз бағыттардан ажырату керек.

Мысалы, Қазақстан азаматы Түркияға визасыз бара алады. Бірақ, визасыз режимнің өзі жеке куәлікті халықаралық сапар құжатына айналдырмайды. Яғни, елге кіру үшін виза талап етілмейді, бірақ шекарадан өтуге жарамды құжат ретінде шетелдік төлқұжат қажет болады.

Қазақстандықтар Түркияға жеке куәлікпен қатынауы мүмкін

Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдер азаматтарының халықаралық паспортсыз, тек жеке куәлік арқылы өзара қатынауына мүмкіндік беру жоспарланып отыр. Бұл туралы ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев APA агенттігіне берген сұхбатында айтты.

Оның сөзінше, қазіргі уақытта Түркия мен Әзербайжан азаматтары екі ел арасында төлқұжатсыз, жеке куәлік арқылы жүре алады. Енді осындай тәртіпті Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстанмен де енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.

«Біз мұны басқа түркі мемлекеттерімен де жүзеге асыру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл елдер – Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстан. Біз мұны бір ғана елмен емес, барлығымен бірге жүзеге асыра аламыз», – деді Өмірәлиев.

ТМҰ Бас хатшысы бұл мәселе ұйымның күн тәртібінде тұрғанын айтты. Жоба Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстанды қамтиды. Қазір оны мүмкіндігінше тез аяқтау үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ Мемлекеттік департаменті әлем бойынша АҚШ елшіліктері мен консулдықтарындағы виза сұхбаттарын уақытша тоқтатып немесе қайта жоспарлап жатқанын жазған едік.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2