Қылмыстық іс Алматы облысының Қарасай аудандық сотында қаралған. Сот актерді Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағында көзделген, яғни онлайн-платформалар арқылы көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысты қылмыс бойынша кінәлі деп таныған.
«Сот Нұрсұлтан Жақсыгенді кінәлі деп танып, оған 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді», – деп жазды адвокат.
Сонымен қатар Фариза Сабырәлиеваның азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, оның пайдасына 5 млн теңге өндірілген.
Іс актердің бұрынғы жұбайы Фариза Сабырәлиеваның арызына байланысты қозғалған. Ол бұған дейін әлеуметтік желіде өзі туралы шындыққа жанаспайтын және абыройына нұқсан келтіретін ақпарат таратылғанын айтқан.