Мәзір
Бүгін, 21:26 / BuginMedia / Жаңалықтар

«Жақында сенің артыңнан келемін»: медбике адамдар өлер алдында не көретінін айтты

Қарқынды терапия бөлімшесінде бұрын медбике болып жұмыс істеген, қазір хосписте қызмет ететін Джули Макфадден жазылмайтын дертке шалдыққан науқастармен 16 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол өлім алдындағы адамның жағдайын және осы кезеңде оның ағзасында болатын өзгерістерді әлеуметтік желідегі блогында түсіндіріп жүр. Бұл туралы Doctorpiter басылымына сілтеме жасаған Buginmedia.kz хабарлады.

"Жақында сенің артыңнан келемін": медбике адамдар өлер алдында не көретінін айтты "Жақында сенің артыңнан келемін": медбике адамдар өлер алдында не көретінін айтты
shedevrum.ai

Медбике өлім тақырыбында ашық айтып, жазылмайтын науқастар мен олардың жақындарына қолдау көрсетуге тырысады. Сондай-ақ ол «Қорқатын ештеңе жоқ» атты кітап жазған.

Джули Макфадденнің айтуынша, өлім уақыты жақындаған сайын адам ұйқыға көбірек уақыт бөледі.

«Науқас тамақ пен суды өте аз қабылдайды, бірақ тәулігіне 16-18 сағат ұйықтауы мүмкін. Оның қимыл-қозғалысы біртіндеп төмендеп, адамдармен бұрынғыдай көп араласпайды», — дейді ол.

Медбике өлімнің өзі ауырсыну тудырмайтынын, ауырсыну көбіне адамды өлімге әкелген ауруға байланысты болатынын атап өтті.

Оның сөзінше, өлімге жақын уақытта адамның ауырсыну сезімі нақты қандай аурумен ауыратынына байланысты. Алайда соңғы сағаттарда науқастың жағдайы, әдетте, біршама жақсарады.

Джули Макфадденнің айтуынша, науқас өлімнің белсенді кезеңіне өткенде бұл процесс әдетте бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін созылады. Бұл уақытта адам толық ес-түссіз күйде болып, оянбайды. Оның тыныс алуы мен терісінің түсі өзгереді. Бұлшықеттер босаңсығандықтан, көзі мен аузы ашық болуы мүмкін.

Медбикенің сөзінше, мұндай көрініс жақындарына науқас қиналып жатқандай әсер етуі мүмкін.

«Туыстары жақын адамы қиналып жатыр деп ойлайды. Бірақ сеніңіздер, медбикелер адамның жағдайы жайлы ма, әлде жайсыз ба — соны біледі. Егер ол өзін еркін ұстап, ұйықтап жатқан адам сияқты көрінсе, сеніңіздер, онымен бәрі жақсы», — дейді Джули «Скептик-метафизик» подкастында.

Медбике өлімнің соңғы кезеңінде ағзаның табиғи процестеріне араласпау керегін айтады.

«Біз дененің өз жұмысын атқаруына мүмкіндік береміз, өйткені адам ағзасы қалай өлу керегін біледі. Науқас тамақ пен су ішуді тоқтатады. Ақырында ағза кетоз күйіне өтеді. Ол эндорфин бөліп, ауырсыну рецепторларының сезімталдығын төмендетеді. Сондықтан адам өзін шынымен жақсырақ сезінеді», — дейді ол.

Джулидің айтуынша, науқастарда өлімінен шамамен бір ай бұрын түрлі елестер пайда бола бастауы мүмкін.

«Адамдар қайтыс болған туыстарын, дүниеден өткен үй жануарларын және жақындарын көреді. Бұл көріністер оларға жұбаныш береді. Кейде қайтыс болған адамдар түсінде көрінеді, бірақ көбіне науқас толық есін біліп, санасы анық кезінде оларды көреді. Олар: „Жақында сенің артыңнан келемін, уайымдайтын ештеңе жоқ“ деп айтады. Бұл қорқынышты естілгенімен, мұндай көріністен кейін адамдардың 100 пайыз жағдайда тынышталатынын айта аламын. Олар алда не болатынын түсінгендей болады. Бұл оларға жайлылық сезімін береді. Өліммен келісе алмаған көптеген науқасты көрдім. Кейін олар осындай көріністерді көріп, сабырға келген», — дейді медбике.

Оның айтуынша, мұндай жағдайдың дінге қатысы жоқ. Джулидің сөзінше, қайтыс болған жақындары діндар адамдарға да, атеистерге де көрінуі мүмкін. Медбике бірнеше рет науқастардың өзімен сөйлесіп отырған сәтте қайтыс болған туыстарын көргеніне куә болған.

«Сенбейсіз, бірақ дәл қазір әкемді көріп тұрмын», — дегенін Джули науқастардың бірінің сөзін еске алып айтып берді.

Джули мұндай көріністерді науқастардың сандырағы деп санамайды.

«Меніңше, олар шынымен де отбасы мүшелері. Осындай сәттерде өзімді басқа кеңістікте жүргендей сезінемін. Егер адам сандырақтап, галлюцинация көріп жатса, мен айырмашылығын сезер едім. Ондай жағдай адамға жұбаныш бермейді», — дейді ол.

Подкаст жүргізушілері Джулиден адам қайтыс болғаннан кейін дене салмағы азаятыны рас па және медбике адамның жанын денесінен шыққан сәтін көрді ме деп сұраған.

«Мұндай қорытындыға келу үшін адам денесін кім және қашан өлшейтінін білмеймін. Біздің хосписте адам қайтыс болғаннан кейін оны таразыға тартпайды. Сондықтан бұл қалалық аңыздардың бірі деп ойлаймын. Жанның денеден шыққанын көрдім бе? Жоқ. Мен ештеңе көрмеймін. Дегенмен, бірнеше рет өлім аузындағы науқастың соңғы сағаттарында палата өзгеше болып кеткендей әсерді байқадым. Бөлме кеңейіп кеткендей сезіледі. Кейін адам соңғы демін алып, палата қайтадан бұрынғы қалпына келгендей болады. Бірақ бұл тек сезім деңгейінде. Физикалық тұрғыда ештеңе көрген жоқпын», — деп жауап берді Джули.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2