Атырау қаласының әкімі үш жылдан астам уақыт атқарған қызметін аяқтайтынын мәлімдеді.
Қала әкімі бұл туралы тұрғындарға жолдаған үндеуінде айтты. Ол 2023 жылдың шілдесінен бері шаһар басшысы болғанын атап өтті.
Әкімнің айтуынша, осы кезеңде қала инфрақұрылымын дамыту, жолдарды жөндеу, абаттандыру және көгалдандыру, сондай-ақ әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсарту бағытында бірқатар жұмыс атқарылған.
Ол қызмет барысында қала тұрғындарымен жүздеген кездесу өткізіліп, олардың ұсыныстары мен талап-тілектері тыңдалғанын айтты.
Сондай-ақ әкім 2024 жылы Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі кезінде қалада күрделі жағдай қалыптасқанын еске алды.
«Сол сәтте мен Атырау халқының бірлігін, ұйымшылдығын және туған қаласына деген жанашырлығын анық көрдім. Бұл – менің қызмет жолымдағы ең маңызды сәттердің бірі болып қалатыны сөзсіз», – деді ол.
Қала әкімі өзіне сенім білдіріп, қолдау көрсеткен облыс басшылығына, әріптестеріне, мекеме мен ұйым қызметкерлеріне, қоғамдық ұйымдар мен белсенділерге және қала тұрғындарына алғыс айтты.
Ол Атыраудың одан әрі дамуына тілектестік білдіріп, тұрғындарға денсаулық пен амандық тіледі.