Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қыркүйек айының атауына қатысты пікір білдірді. Бұл мәселе жаңа оқу жылы басталғаннан кейін ата-аналар мен мұғалімдер арасында қызу талқыланған болатын.
Министрдің айтуынша, «қыркүйек» сөзінің жазылуына қатысты өзгеріс Оқу-ағарту министрлігіне байланысты емес. Бұл – қазақ тілінің емле ережелеріне қатысты мәселе.
«Бұл сөздің ауысып кеткеніне Оқу-ағарту министрлігінің еш қатысы жоқ. Бұл негізі біздің тіл біліміндегі өзгерістер. Осы сұрақ өзімді де қызықтырды. Сондықтан мен ғалымдардың, соның ішінде Рабиға Сыздықтың ғылыми зерттеулеріне жүгінуіме тура келді», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оның айтуынша, бұл мәселе бірнеше жылдан бері тіл мамандары арасында талқыланып келеді.
«Жалпы сексенінші жылдардан бастап айтылым мен жазылымның арасындағы белгілі бір заңдылықты сақтай отырып емле заңына өзгерістер енгізу туралы мәселе біраз талқыланған. Бірақ өзім “қыркүйек” деп жазамын. Яғни, “к” әрпін қолданамыз. Бізді кезінде оқытқан мұғалімдердің тәртібі мен грамматикасы осындай болды», – деді министр.
Сүлейменова сөздің дұрыс жазылуы мен айтылуына қатысты нақты шешімді ғалымдар беруі керек екенін атап өтті.
«Менің ойымша, екеуі де қате емес», – деді министр.