Оқиға Әлихан Бөкейхан ауданындағы «Оптимист» саяжай қоғамының аумағында болған. Үйлердің бірінен 43 жастағы ер адам мен 55 жастағы әйелдің денесі табылған. Полиция мәліметінше, екеуінің де денесінде оқ жарақаты болған.
Қаза болған ер адам саяжай қоғамының төрағасы әрі заңгер болған. Ал әйел жергілікті қоғам белсендісі ретінде белгілі.
Полиция қылмыс жасады деген күдікпен 56 жастағы Қарағанды тұрғынын ұстады. Ведомствоның мәліметінше, күдікті кінәсін мойындаған.
«Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ал саяжай тұрғындарының айтуынша, қос адам өліміне саяжай қоғамы төрағасы қызметіне байланысты туындаған жанжал себеп болуы мүмкін. Бұл болжам әзірге құқық қорғау органдары тарапынан ресми расталған жоқ.
Тергеу амалдары жалғасып жатыр.