Мемлекет басшысы алдымен саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырған Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровқа және қырғыз халқына алғыс білдірді. Сондай-ақ Қырғызстан мен Өзбекстанның тәуелсіздігінің 35 жылдығымен құттықтады.
Тоқаевтың айтуынша, ШЫҰ құрылғаннан бері ұйым «Шанхай бестігінен» Еуразияның үлкен бөлігін қамтитын және әлем халқының жартысына жуығын біріктіретін халықаралық құрылымға айналды.
Президент қазіргі геосаяси жағдайда ұйымның маңызы арта түскенін атап өтті. Оның пікірінше, ШЫҰ өзара сенім, егемендікті құрметтеу, ашықтық және ынтымақтастық қағидаттарын сақтауы керек.
«ШЫҰ әскери-саяси блок логикасынан тыс әрекет етеді әрі оның қызметі қандай да бір мемлекетке қарсы бағытталмаған. Ұйым мүлдем басқа саяси философияға, яғни түпкі өзегінде прогресс жолындағы ортақ бастамалар идеясы жатқан "Шанхай рухына" сүйенеді. Біздің басты мақсатымыз – қуатты әрі өркендеген ШЫҰ қоғамдастығын құру», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қырғызстанның ШЫҰ-ға төрағалығы кезінде атқарған жұмысын жоғары бағалады.
Тоқаев ұйым аясында ең алдымен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейту қажет екенін айтты. Ол әскери тәуекелдерді азайту, қарулану жарысын тежеу және қауіпті жағдайлардың алдын алу мәселелерін талқылайтын министрлер деңгейіндегі конференция өткізуді ұсынды.
Президент терроризм, экстремизм және сепаратизммен күрес те ШЫҰ елдерінің негізгі бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
Экономикалық ынтымақтастықты күшейту ұсынылды
Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ елдерінің сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарын кеңейтудің маңызын да айтты.
Оның сөзінше, ұйымға мүше мемлекеттердің өзара тауар айналымы бір триллион долларға жақындаған. Алайда елдер арасындағы экономикалық әлеует әлі толық пайдаланылмай отыр.
Осыған байланысты Қазақстан Президенті индустриялық консорциумдар құруды ұсынды. Оның пікірінше, бұл мемлекеттерге дайын жобаларды басқа қатысушыларды күтпей-ақ жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар қазіргі шекара маңындағы ынтымақтастық орталықтарының негізінде ШЫҰ-ның трансшекаралық сауда аймақтарын құру ұсынылды.
Қазақстан Қытайдың ШЫҰ Даму банкін құру туралы бастамасын да қолдайды. Тоқаев бұл қаржы ұйымының қаражатын инфрақұрылымдық, технологиялық және өнеркәсіптік жобаларға бағыттау қажет деп санайды.
Президент Қазақстан аталған банктің штаб-пәтерін өз аумағында орналастыруға дайын екенін мәлімдеді.
Қазақстан көлік дәліздерін дамытуға шақырды
Тоқаев Еуразиядағы көлік-логистикалық байланыстарды дамыту қажеттігін де атап өтті.
Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» бастамасын Транскаспий халықаралық көлік бағытымен, Солтүстік – Оңтүстік дәлізімен және Орталық пен Оңтүстік Азиядағы басқа да сауда жолдарымен байланыстыруды маңызды деп санайды.
Президент кеден рәсімдерін цифрландыруды, электрондық құжаттарды өзара тануды және «жасыл дәліз» қағидатын енгізуді ұсынды.
Сонымен бірге ШЫҰ Бірыңғай транзиттік цифрлық платформасын құруды және ұйымның 2035 жылға дейінгі Көлік байланысы стратегиясын әзірлеуді ұсынды.
ШЫҰ аясында жасанды интеллект орталықтары құрылуы мүмкін
Мемлекет басшысы жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастыққа да тоқталды.
Оның айтуынша, ШЫҰ елдерінің ғылыми және технологиялық әлеуеті жоғары. Сондықтан мемлекеттер тек тәжірибе алмасып қана қоймай, ортақ технологиялар мен жасанды интеллект жобаларын дамытуы қажет.
Осы мақсатта Президент ШЫҰ елдерінің жетекші университеттері, ғылыми ұйымдары мен технологиялық компаниялары қатысатын Жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынды.
Сондай-ақ Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымын реформалау мәселесі әлі де маңызды екенін айтып, бұл бағыттағы жұмысты сыртқы саясат ведомстволарына жүктеуді ұсынды.
Президент Қазақстанның ШЫҰ аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.