«Талғар өте қауіпті ауданға айналып бара жатыр. Ақтаста кеше түнде тандыр нан сататын жердің иесін 13 рет пышақтап кетіпті. Өзі өте жақсы кісі болатын. Ақша жетпей тұрса, нанды бере салатын. Дүкендерге нан тарататын», – деп жазды тұрғын.
Әлеуметтік желідегі жазбада жәбірленушінің ауыл тұрғындары арасында сыйлы болғаны айтылған.
Алматы облысы полициясы бұл деректі растап, адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Жедел-іздестіру шаралары барысында 56 жастағы күдікті анықталып, ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта күдікті кінәсін мойындады", -делінген хабарламада.
Алдын ала мәлімет бойынша, жәбірленуші мен күдіктінің арасында сөзге келіспеушілік болған. Жанжал кезінде күдікті ер адамға пышақпен екі рет жарақат салған, кейін оқиға орнынан қашып кеткен.
Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.