Мәзір
Бүгін, 12:51 / BuginMedia / Жаңалықтар

Қазақстанда қыркүйекте үсік пен 35 градус ыстық күтіледі

"Қазгидромет" РМК қыркүйек айына арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Қазақстанда қыркүйекте үсік пен 35 градус ыстық күтіледі Қазақстанда қыркүйекте үсік пен 35 градус ыстық күтіледі
kursiv.media

Синоптиктердің мәліметінше, күздің алғашқы айында ел аумағында ауа райы құбылмалы болады. Қыркүйек айында орташа температура тамызбен салыстырғанда 5–7 градусқа төмендейді.

Айдың алғашқы күндерінде Қазақстанның батысы мен оңтүстігінде жазғы ыстық сақталады. Бұл өңірлерде ауа температурасы +25…+35°С-қа дейін көтерілуі мүмкін.

Ал солтүстік, орталық және шығыс облыстарда күн салқындап, жаңбыр жауады. Кей жерлерде жауын-шашын қарға ұласуы ықтимал. Жел де күшеюі мүмкін.

Қыркүйектің бірінші онкүндігінің ортасынан бастап еліміздің басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы орнап, температура қайта көтеріледі.

Батыс, солтүстік-батыс және оңтүстік-батыс өңірлерде күндіз +25…+35°С болады деп болжанып отыр. Солтүстік, орталық және шығыста күндіз ауа температурасы +22…+30°С-қа дейін жетуі мүмкін.

Оңтүстікте күндіз +25…+35°С, оңтүстік-шығыста +25…+33°С аралығында жылы болады.

Алайда қыркүйектің бірінші онкүндігінің екінші жартысында солтүстік-батыстан циклон еніп, ауа райы қайта өзгереді. Жауын-шашын түсіп, жел күшейеді, ал күннің ыстығы басылады.

Айдың екінші және үшінші онкүндіктерінде температура құбылып, кей өңірлерде үсік түсуі мүмкін. Әсіресе солтүстік, орталық және шығыс облыстарда түнгі температура 0…+5°С-қа дейін төмендейді. Топырақ бетінде 3°С-қа дейін үсік болуы ықтимал.

Оңтүстік өңірлерде де күн біртіндеп салқындайды. Таулы аудандарда 1–6°С-қа дейін үсік күтіледі.

Қазгидрометтің болжамынша, қыркүйек айындағы орташа температура Қазақстанның басым бөлігінде климаттық норма шамасында болады.

Батыс Қазақстан облысында, сондай-ақ Атырау және Маңғыстау облыстарының батысында температура нормадан 1°С жоғары болуы мүмкін.

Жауын-шашын мөлшері негізінен нормаға сай болады. Қиыр батыс, солтүстік-батыс және солтүстік-шығыста жауын-шашын көбірек түседі деп болжанған. Ал оңтүстік және оңтүстік-батыс өңірлерде жауын-шашын мөлшері нормадан аз болуы мүмкін.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2