Астанада ер адам бұрынғы әйелін 16 рет пышақтап өлтірді. Марқұм Жазираның жақындарының айтуынша, ол бұған дейін бұрынғы күйеуіне қатысты полицияға бірнеше рет арыз жазған. Әйелдің құрбылары қанды оқиғаға дейін де ер адам тарапынан қауіп болғанын айтқан, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Жазираның құрбыларының әлеуметтік желідегі жазбаларына қарағанда, әйел полицияға екі рет жүгінген. Алғашқы арыз 2026 жылғы 18 тамызда адам ұрлау, ұрып-соғу және өміріне қастандық жасауға қатысты жазылған. Екінші арыз 7 қыркүйекте бұрынғы күйеуінің үйінің маңында пышақпен жүргеніне байланысты берілген.
«Осы жағдайға дейін полицияға 2 рет арызданған. Біріншісі — 18.08.2026 жылы (адам ұрлау, ұрып-соғу, өміріне қастандық жасау), екіншісі — 07.09.2026 жылы (үйінің маңайында пышақпен аңдып тұрғаны үшін). Өкінішке қарай, соңы осылай аяқталды», – деп жазды Жазираның құрбысы.
Құрбыларының айтуынша, алғашқы арыздан кейін ер адам ұсталған. Алайда олардың мәліметінше, ол Жазираға қатысты қылмыс бойынша емес, мас күйінде көлік жүргізгені үшін 15 тәулікке қамалып, кейін босатылған.
Екі қыздың анасы болған
stan.kz Жазираның жақын құрбаларының бірімен сөйлесіп, ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы туралы мәлімет алды.
Құрбысының айтуынша, Талант пен Жазира 2015 жылы шаңырақ көтерген. Олардың екі қызы болған.
Оның сөзінше, Жазира бұған дейін де күйеуінен күш көрген. Алайда бұл туралы жақындарына бірден айтпаған.
«Бізге осы уақытқа дейін ұрғанын айтпай келді, бірақ былтырғы соққысын естідік. Ол жігіттің үстіне арыз жазған, алайда ол полиция қызметкері болған соң, "жұмысына зияны тиіп кетпесін" деп арызын қайтарып алды», – деді Жазираның құрбысы.
Құрбысының айтуынша, кейін Жазира күйеуінің басқа әйелмен сөйлескенін біліп, екеуінің арасында жанжал болған.
«Жазира күйеуінің басқа әйелмен сөйлесіп жүргенін біліп қояды. Талант: “Менің телефонымды неге рұқсатсыз ақтарасың?” – деп оны ұрады. Кейін екеуі екі бөлек кеткенде күйеуі кешірім сұрап, үйіне келіп жүреді. Екі қыз үшін Жазира кешіріп, қайта қосылады», – деді ол.
Алайда кейін ерлі-зайыптылар тағы да бөлек кеткен. Құрбысының сөзінше, Талант жұмыс бабымен Қарағандыға кеткен. Бір жылдан кейін жұмысынан босап, Астанаға қайта оралған.
Жазираны қала шетіне алып кеткен
Құрбысының айтуынша, тамыз айында ер адам Жазирамен сөйлесу үшін оның жұмысына немесе үйінің маңына барған. Сол кезде екеуі дүкенге кіріп, балаларына тәттілер сатып алған.
Кейін ер адам тәттілерді балаларға апарып беруді сұрап, дүкеннен қара пакетке салынған арақ алған. Ол Жазирадан тәттілерді балаларға жеткізгенше көлікте күтіп тұруын өтінген. Сонымен бірге жолдан басқа адамды алып, Теміртауға баратынын айтқан.
«Жазира оның өтінішін орындап, тәттілерді балаларға беріп келгеннен кейін көлікке қайта отырады. Сол кезде күйеуі оны алдап, қала шетіндегі иен далаға алып кеткен», – деді Жазираның құрбысы.
Құрбысының сөзінше, ер адам Жазираны қала сыртындағы иен жерге апарып, сол жерде қылқындырған. Сондай-ақ оны ұрып-соққан. Әйел бір рет есінен танып, кейін қайта есін жиған.
Одан әрі Жазира көліктен қашып шығуға әрекет жасаған.
«Көліктен шығып қашпақ болғанда, шашынан сүйреп қайтадан көлікке алып келген. Ішімдік ішкеннен кейін ұйықтап қалғанын пайдаланып, қалаға жаяу келген», – деді құрбысы.
Бұл өмірде қосылмасақ, ана өмірде бірге боламыз
Құрбысының айтуынша, осы жағдайдан кейін арада біраз уақыт өткен соң Талант тағы да Жазираның үйінің маңына барған. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда ер адамның қолында пышақ болғаны көрінеді.
Жақындарының айтуынша, сол кезде ол Жазираға: «Бұл өмірде қосылмасақ, ана өмірде бірге боламыз» деген. Алайда маңынан өтіп бара жатқан адамдар араша түсіп, әйел аман қалған.
Осыдан кейін Жазира полицияға тағы да арыз жазып, сот процесін күткен.
Құрбысының айтуынша, сотқа қатысты іс қозғалғаннан кейін Таланттың адвокаты оның емделіп жатқанын Жазираның жақындарына айтқан.
«Сотқа өтініш тастағаннан кейін, Таланттың адвокаты оның емделіп жатқанын Жұлдызға айтқан. Алайда 23 қыркүйек күні суық хабарды естідік», – деді Жазираның құрбысы.
Оның сөзінше, Жазираның 23 қыркүйекте қаза болғаны белгілі болғанымен, қанды оқиғаның нақты қалай болғаны әзірге белгісіз.
Марқұмның артында қалған екі қызы қазір нағашы әжесінің, яғни Жазираның анасының қолында тұрып жатыр.
Полиция не деді?
Астана қаласының Полиция департаменті күдіктінің полиция қызметкері емес екенін мәлімдеді.
«Күдікті жедел түрде ұсталып, Уақытша ұстау изоляторына қамалды. Адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады ведомство.
Полиция мәліметінше, тергеу барысы Астана қаласы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.
Айта кетейік, бүгін әйелдің өліміне қатысты төрт бұрынғы полицей ұсталғаны белгілі болды.