Қостанайда келін екі қайын әпкесі тарапынан қысым көргенін айтып, полицияға арыз жазды. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Оның жазуынша, жанжал әйелдің үйінің алдына киім жаюынан басталған. Кейін екі қайын әпкесі келіннің үйіне келіп, жанжал шығарып, терезесін сындырған.
Әйелдің айтуынша, ол бұған дейін де туыстарынан қысым көрген. Осыған байланысты полицияға жүгінгенімен, оның сөзінше, сол кезде арызы қабылданбаған.
Журналист Гүлмира Әбіқай бұл жағдайды тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесімен байланыстырып, әйелдердің қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық білдірді.
"Қайын әпке деген мәртебесі болмаса екеуі де жап-жас қыздар сияқты. Сонда, өздері келін емес пе? Әлде, қыз өсірмей ме? Тұрмыстық зорлық-зомбылық өршіп тұр, жаза күшейген сайын қатыгездік те күшеюде. Қайтпек керек?", - деп жазды ол.
Қостанай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі 22 тамызда 57 жастағы Қостанай тұрғыны мен оның 24 жастағы келіні арасында отбасылық жанжал туралы хабарлама түскенін растады.
"Оқиға орнына дереу жергілікті полиция инспекторы келді. Дау кезінде келіні тұрған үйдің терезелерін үй иесінің қызы сындырғаны анықталды. Екі әйелге де дене жарақатын салғаны үшін қылмыстық істер қозғалды. Дауласушы тараптардың әрқайсысының әрекеттері заңды түрде бағаланады", – деді полиция.
Сонымен қатар екі әйелге де бір-бірімен байланысуға тыйым салатын қорғаныс нұсқамалары берілді.
Тергеу жалғасып жатыр.