Бір жасар сәби клиникалық өлімді басынан өткерді. Қазір үшеуі де ауыр жағдайда ауруханада жатыр.
“Дабылдың дауысын естідім де, терезеден қарадым. Басында ештеңе түсінбедім: оқиға екінші подъездің жанында болды, ал ол бірінші подъезде тұрады. Кейін ұлым кіріп келіп “Мен ойнайтын досым бар еді ғой, сол баланы анасы бесінші қабаттан лақтырып, өзі де секіріп кетті” деді. Балаларды алып кетті, ал әйелді Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері алып кетті. Олар негізі үшінші қабатта тұрады дейді. Бірақ ұлымның айтуынша, анасы подъезге кіріп, бесінші қабатқа көтеріліп, сол жерден лақтырған”, – дейді көршісі Венера Исмаилова.
Олардың айтуынша, отбасы толыққанды. Әйел балаларға қарап қалады, ал күйеуі үнемі жұмыста. Анасы терезеден лақтырып жіберген балалардың бірі бір жаста, екіншісі – сегізде. Үшеуі де подъездің шатыр қаптамасына құлаған. Дәрігерлер олардың аман қалуына да осы себеп болса керек дейді.
Әйелдің бұлай істеуіне не себеп болғаны белгісіз. Полицияның айтуынша, 34 жастағы әйел арнайы есепте тұрған. Қазір есін біледі, бірақ сүйектері сынған. Үлкен баланың да жағдайы ауыр, оның да жарақаттары көп. Дегенмен дәрігерлердің айтуынша, ол аман қалады. Ең ауыр жарақат алған — бір жастағы бала. Оның жүрегі тоқтап қалған, қазір жасанды тыныс алу аппаратында жатыр.
“2024 жылы туған бала ауруханаға клиникалық өлім жағдайында жеткізілген. Реанимациялық шаралар барысында жүрек қызметі қалпына келтірілді. Бала жансақтау бөліміне жатқызылып, жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Қазір жағдайы өте ауыр, барлық қажетті медициналық шаралар жүргізіліп жатыр”, –дейді Павлодар облыстық балалар ауруханасының анестезиолог-реаниматологы Руслан Вороховко.